Түркістан Түркі аймағының жаңа экономикалық шешімдерінің алаңына айналды. Облыс орталығында Түркі мемлекеттері ұйымының экономика және сауда министрлерінің 14-ші кездесуі өтті. Қатысушылар сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуды талқылады. Сондай-ақ кооперацияны тереңдету жөніндегі нақты қадамдар келістірілді.


Соңғы 20 жылда ТМҰ елдерінен Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 6,3 млрд доллардан асты. Оның ішінде 2025 жылы шамамен 210 млн доллар инвестиция тартылды. Өз кезегінде, ТМҰ мемлекеттерінің экономикасына қазақстандық инвестициялар 2025 жылы шамамен 1,3 млрд доллардан астамын қосқанда, жалпы 5 млрд долларға жетті. Енді сауда кедергілерін жоюға, көлік маршруттары мен цифрлық сауда құралдарын дамытуға ерекше назар аударылады. Кездесуді ашқан Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев жиынның маңыздылығын атап өтті.


АСАН ДАРБАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ
Қазақстанда ТМҰ елдері капиталының қатысуымен 12 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Сондай-ақ сауда мен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға елеулі үлес қосатын 1300-ден астам бірлескен кәсіпорын бар. Осы бағыттағы негізгі құралдардың бірі – Түркі инвестициялық қоры. Біз Қор тарапынан қаржыландыруға әлеуетті жобалардың тізімін қалыптастыруға кірісуді ұсынамыз.


2025 жылдың қорытындысы бойынша ТМҰ елдерінің өзара сауда көлемі 11,9 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстанның ең үлкен тауар айналымы: Өзбекстанмен – 4,3 млрд доллар, Түркиямен – 4,9 млрд доллар, Қырғызстанмен – 2 млрд доллар, Әзірбайжанмен – 425 млн доллар. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыстың инвестициялық, туристік және экономикалық әлеуетін таныстырды.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Өңірде 21 индустриалды аймақ жұмыс істеп тұр. Бұл аймақтарда кедендік және салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Мемлекет тарапынан инженерлік-инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етеміз. Барлық аймақтарда 124 жоба жүзеге асуда. Соның ішінде Тұран экономикалық аймағы түркі елдерінің кәсіпкерлеріне арнайы жасақталған.


Кездесу қорытындысы бойынша ТМҰ мүше мемлекеттер арасындағы экономика, сауда, инвестициялар және қаржы салаларындағы ынтымақтастықтың Жол картасы бекітілді. Құжат бірлескен жұмыстың басым бағыттарын және оларды тәжірибелік іске асыру тетіктерін айқындайды.