Қала әкімі Қазақстан Республикасындағы Израиль Мемлекетінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Йоав Быстрицкиймен кездесті. Басқосуда ынтымақтастықтың өзекті бағыттары және өңіраралық деңгейдегі байланыстарды нығайту мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесу барысында сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуге, инвестиция тартуға, IT саласын дамытуға, сондай-ақ білім беру және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыруға ерекше назар аударылды. Қала әкімі Шымкенттің елдегі ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің бірі ретіндегі әлеуетін атап өтті. Қаланың дамыған өнеркәсіптік базасы мен тиімді логистикалық орналасуы оның мүмкіндіктерін арттыра түсетіні айтылды. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақтар, инженерлік инфрақұрылым және инвесторларды қолдау шаралары бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастырып отырғаны жеткізілді. Бұдан бөлек, биыл Шымкентте израильдік бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өткізу мүмкіндігі қарастырылды. Сондай-ақ осы жылы жазда Тель-Авив – Шымкент бағытында тікелей әуе рейсін іске қосу іскерлік, технологиялық және гуманитарлық байланыстарды жандандыруға қосымша серпін беретіні атап өтілді. Кездесу соңында қала әкімі әріптестікті одан әрі нығайтуға және мазмұнды, өзара тиімді диалогті жалғастыруға дайын екенін жеткізді.