Жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмыстары жалғасуда. «Стандарт Цемент» ЖШС-нің еңбек ұжымына қоғам талқылауындағы Ата заң мазмұны таныстырылды. Кездесуде Жаңа Конституция жобасына енгізіліп отырған жаңашылдықтар жан-жақты талқыланды.

Жиынға Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, сондай-ақ «Мирас» университетінің Құқық секторының оқытушылары Нұржан Жақсылықов пен Мақпал Нұржанқызы қатысты. Олар «Стандарт Цемент» ЖШС-нің еңбек ұжымына конституциялық өзгерістердің қоғам өміріндегі маңызын жеткізді.

МАҚПАЛ НҰРЖАНҚЫЗЫ, ҚҰҚЫҚ СЕКТОРЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ
 Бүгінгі кездесу еліміздегі түбегейлі реформалардың бірі – Конституция жобасы аясында болып отыр. Бұл жерде нақты қандай өзгерістер болды, қандай сұрақтар азаматтарды қызықтырады – сол жөнінде сұрақ-жауаптар болды.

Кездесуде спикерлер жаңа конституциялық жобаның басты өзегі – елдің біртұтастығы мен қоғамдық келісімді нығайту екенін баса айтты. Сондай-ақ, жаңартылған Ата заң билік пен қоғам арасындағы сенімді күшейтетін, азаматтың мүддесін алдыңғы орынға қоятын маңызды қадам деп бағаланды.

АҚНҰР ЖҰМАХМЕТ, «СТАНДАРТ ЦЕМЕНТ» ЖШС-НІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Конституция туралы өз ойларын білдіргенімізге өте қуаныштымыз. Естіп жатырмыз, өзгерістер енгізіліп жатыр. 15 наурызда сайлау болады деп жатыр, оған қатысамыз. Қатысуға тиіспіз.

Жиын соңында спикерлер еңбек ұжымымен ашық диалог орнатып, қарапайым жұмысшыларды толғандырған сауалдарға жауап берді.