Сарығашта «Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің тірегі» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға конституциялық комиссия мүшелері, азаматтық қоғам мен ғылыми қауымдастық, заңгерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Басты мақсат – конституцияға енген өзгертулер мен толықтырулардың мәнін түсіндіріп, қоғам өкілдерімен пікір алмасу.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, модераторлық жасады. Өз сөзінде Конституция мемлекеттің құқықтық, саяси және қоғамдық өмірінің негізі екенін атап, басты мәні – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақты жүзеге асыру екенін жеткізді. Дөңгелек үстел барысында Түркістан облысы қоғамдық кеңестің төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Бәйділдә Жылқышиев баяндама жасады. Жаңа Конституция жобасы қоғамдық талқылаудан өтіп, азаматтардың ұсыныстары негізінде әзірленгенін жеткізді. Ал облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Қайрат Қамбаров құқық үстемдігі қағидатының күшейтілгенін, адам құқықтарын қорғау мен сот жүйесінің тәуелсіздігіне ерекше мән берілгенін атап өтті. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Бекжігіт Сердәлі жаңа Конституцияның ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызына тоқталды. Сонымен қатар Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Сәлімов құжатта жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға басымдық берілгенін жеткізді. Жиын барысында жаңа Конституцияның институционалдық реформаларға негіз болатыны, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатыны айтылды. Ашық пікір алмасу барысында ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды.
СПИКЕР: ЕРГЕШ ИСАХОВ, САРАҒАШ АУДАНДЫҚ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Жаңа ата заңның басты мақсаты халқымыздың әл-ауқатын көтеру, жағдайын жақсарту екені анық.»