Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров жаңа Конституция жобасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іссапар барысында сенатор Жол-көлік колледжі мен Мәншүк Мәметова атындағы №35 жалпы білім беретін мектепке барды. Жиында жаңа редакциядағы құжаттың негізгі бағыттары таныстырылып, ел дамуы жолындағы рөлі жан-жақты талқыланды.


 Жаңа Конституция жобасында цифрландыру дәуіріндегі жеке деректерді қорғау мәселесін конституциялық деңгейде бекіту көзделіп отыр. Бұл – технология қарыштап дамыған заманда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат етеді. Жол-көлік колледжінде жиын өткізген Нұрлан Құдиярұлы жаңа Ата заң жобасындағы негізгі өзгерістерге тоқталды.


НҰРЛАН БЕКНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Жаңа Конституцияға енгізілген негізгі өзгерістердің бірі – адам және оның өмірі мен бостандығы. Одан кейін білім, ғылым, инновацияға мән берілді. Орта білім міндеттелген. Жоғары оқу орнына қатысты да тармақтар бар.


Мұнан соң Сенат депутаты Мәншүк Мәметова атындағы №35 жалпы білім беретін мектепке барды. Кездесу барысында ауқымды саяси жаңғырту аясында әзірленген Конституция жобасының басты бағыттары түсіндірілді. Білім беру жүйесі де назардан тыс қалған жоқ.


 МАРАТ БЕРДЕН, М. МӘМЕТОВА АТЫНДАҒЫ №35 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІНІҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
Президенттің қолдап отырған жүйелерінің бірі – жасанды интеллект. Білім мекемелері бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Қазір сабақ барысында жасанды интеллектіні қолдану үрдіске айналды. Яғни, оқушылар жаңа технологияның пайдалы тұстарымен танысып келеді.


Басқосу ашық диалог форматында өтті. Кездесуге келгендер толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.