Шымкентте суретші, арт-терапевт Бақтыбек Талқанбаевтың «12 сиқырлы шаршы» атты авторлық көрмесі ашылды. Бұл - жай ғана өнер туындыларының жиынтығы емес, адамның ішкі әлеміне терең үңілетін философиялық кеңістік. Көрмеде ұсынылған жұмыстар түркілік таным, ұлттық өрнек, киелі геометрия және адам жанының нәзік иірімдерін тоғыстырған ерекше авторлық әдістемемен жасалған.


Экспозиция аясында келушілерге арнайы экскурсия ұйымдастырылып, автордың шығармашылық жолы мен арт-терапиядағы тәжірибесі кеңінен таныстырылды. Сондай-ақ шеберлік сағаттары өтіп, қатысушылар «12 сиқырлы шаршы» әдісі арқылы өз эмоциясы мен ішкі күйін бейнелеуге мүмкіндік алды.


 БАҚТЫБЕК ТАЛҚАНБАЕВ, СУРЕТШІ, АРТ-ТЕРАПЕВТ
Мен үш күндік сабақтар өткіземін. Сол сабақтарда адамның ішкі әлемі, тіпті жасуша деңгейіндегі сезімдері де ашылады. Тері - бұл тек сыртқы қабат емес, ол адамның ішкі күйін көрсететін бір кілт іспетті.


Бақтыбек Талқанбаев - жарты ғасырдан астам уақытын өнер мен адам жанының құпиясын зерттеуге арнаған тұлға. Оның туындылары Қазақстанмен қатар Жапония, АҚШ, Франция, Германия, Норвегия және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жеке коллекцияларда сақтаулы.


 ӘБУТӘЛІП АХМЕТОВ, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫ ШҚФ ТӨРАҒАСЫ
Бұл тек автордың жеке көзқарасы емес, адамның ішкі әлеміне, тіпті ғаламдық деңгейдегі энергияға әсер ететін ерекше құбылыс. Себебі бұл кісі — өнер мен архитектураны тоғыстырған тұлға.


 «12 сиқырлы шаршы» көрмесі қаладағы мәдени өмірдің жаңа рухани кеңістігіне айналып, өнер мен адамның ішкі жан дүниесін ұштастырған ерекше алаң ретінде көпшіліктің назарын аударды.