Интернет-алаяқтық, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері - Шымкентте өткен ведомствоаралық жиынның негізгі күн тәртібіне шықты. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі комиссия мен Нашақорлыққа қарсы іс-қимыл штабының бірлескен отырысында осы бағыттағы жұмыстар жан-жақты қаралды.


Жиында Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев қаладағы криминогендік ахуалдың тұрақты екенін атап өтті. Дегенмен интернет-алаяқтық, ойын-сауық орындарындағы құқық бұзушылықтар және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі ерекше бақылауда екенін жеткізді. Өз кезегінде Арман Саданов профилактикалық жұмысты күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын жетілдіру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыру қажеттігін айтты. Қорытындысында жауапты мекемелерге профилактикалық жұмысты күшейту, бейнебақылау жүйесін дамыту және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында нақты тапсырмалар берілді.