«Шымқала кештері» қала аспанын әсем әнге бөлеп жатыр. Дәстүрлі шара аясындағы кезекті кеште Шымкент циркінің майталмандары өнер көрсетті. Шымсити саябағында өткен іс-шара тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


 «Шымқала кештері» – мегаполисте әр сенбі сайын қаланың әр аумағында өткізілетін концерттік бағдарлама. Қалалық мәдениет басқармасының бастамасымен қолға алынған іс-шара қала тұрғындарына жаздың жайма-шуақ кештерін көңілді өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Жанды дауыстағы концерт қаланың 4 демалыс аймағында қатар ұйымдастырылды.


 МАРАТ АҚНАЗАР, «ШЫМКЕНТ КОНЦЕРТ» КОНЦЕРТТІК ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ
Бұл – мегаполисте әр сенбі сайын қаланың әр аумағында өткізілетін концерт. Қалалық мәдениет басқармасының бастамасымен қолға алынған іс-шара қала тұрғындарына жаздың керемет кештерін көңілді өткізуге сеп болып отыр.


Кешкі концертке қаладағы мәдени мекемелердің барлығы дерлік тартылып жатыр. Мамандар халық сұранысына сай елді мекендерде кеш өткізуді жөн санаған. Бұл жолы балалар түрлі жан-жануарлардың өнерін тамашалап, сайқымазақтармен ойнап, сергіп қалды.


ШОЛПАН ДҮЙСЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Немерелерімді алып келдім, қандай керемет! Қуанып жатырмыз. Көңілді кеш өтіп жатыр. Қазір балалар телефонға үңіліп отырады. Ал мына кештер сол балаларды сергітіп отыр ғой. Қала әкімдігіне рахмет! Үлкен алғысымызды айтамыз. Балаларға да, ата-аналарға да ұнап жатыр.


Айта кетейік, бұл күнгі концерттер Шымситимен қатар Спутник, Жібек жолы бойындағы демалыс орындары мен Наурыз паркінде қатар өткізілді. Шымкент циркінің концертінен қапы қалғандар келесі сенбіде опера әншілерінің өнерін тамашалай алады.