Елдегі педиатрия саласында білім алып жүрген жастар Шымкентте бас қосты. Олар өзара тәжірибе алмасып, соңғы он жылда алғаш рет сайысқа түсті. Саладағы жаңашылдықтар, оқу орындарындағы білім беру тәсілі - бәрі осы байқауда айтылды. Бес болашақ дәрігерден құралған бес команда жаңа туған нәрестеге алғашқы көмек көрсетуден бастап, тәй-тәй басқан кезеңдегі ағза өзгерісі туралы баяндады.
Дәстүрлі сайыс араға 10 жыл салып Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында шымылдық түрді. Оған Семей, Көкшетау, Алматы мен Астана қалаларынан болашақ педиатрлар қатысты.
ҚАНАТЖАН КЕМЕЛБЕКОВ, ОҚМА ФАКУЛЬТЕТ ДЕКАНЫ
Бұл жерде балалармен жұмыс істеу, болашақ мамандардың өзара білгенімен бөлісуі сияқты негізгі қағидалар қарастырылып отыр.
Жарысқа Семейдегі медицина университетінің 4–5 курс студенттері қатысты. Олар тәжірибеде алған білімдерін практикада көрсетіп, жоғары нәтиже танытты.
АЙЖАН ШАКИРОВА, СЕМЕЙ МЕДИЦИНА МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҰСТАЗЫ
Біз осы жерге бес студент әкеліп отырмыз. Олар өз білгендерін ортаға салады және өзге оқу орны студенттерінен көрген-білгенін өз оқу орнына алып барып, қатарластарына үйретеді.
Студенттердің педиатрия саласына деген қызығушылығын арттыруда сайыстың берері мол, – дейді ұстаздар. Клиникалық ойлау қабілетін дамыту, практикалық дағдыларын шыңдау және дарынды болашақ мамандарды анықтауда осындай жиындар көптеп ұйымдастырылғаны құба-құп.