Шымкентте ішкі туризмді дамытуға бағытталған ауқымды жоба қайта жанданды. Енді «RED BUS» туристік автобусы жолаушыларға қызмет көрсетіп, қаланың көрікті жерлерін аралатады.Алыс-жақын елдерден келген қонақтарды тарихпен таныстырып, шаһардың мәдени өмірінен сыр шертеді.Бастаманың тағы қандай ерекшеліктері бар? Әріптесім тарқатып айтады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Жадыраған жаз мезгілінің басталуына санаулы күндер қалды. Енді тұрғындар қос қабатты қызыл автобусқа мініп, қаланың көрікті жерлерін аралай алады. Биыл туристік бағыттардың ауқымы кеңейіп, қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтерілмек.
Мегаполистің мәдени-рухани келбетін паш ететін бұл жоба қаланың көрікті нысандарын қамтиды. Экскурсиялық көліктің жолаушылары қатарында еліміздің өзге өңірінен келген саяхатшылар да бар. Шаһардың сәулет өнеріне тәнті болған туристер таңданыстарын жасырмады.
ДИМАШ АҚАНСЕРІ, ЖОЛАУШЫ
Бүгін қызыл автобусқа мініп, қаланың көрікті жерлерін аралап жүрміз.Мен Жетісай қаласынан келдім.Шымкенттің тарихымен таныстық, кешкі көрінісі тіптен керемет екен.
Арнайы жасақталған танымдық тур күн сайын 19:00-де басталады. Бір сағаттық саяхат барысында жолаушыларға кәсіби гидтер қызмет көрсетіп, қала тарихына қатысты құнды деректермен бөліседі. Ал билеттер 17:00-ден бастап сатылымға шығады.
ГҮЛНАР БЕКМҰРАТОВА, «VISIT SHYMKENT» ТУРИСТІК-АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ
Біз экскурсия барысында қаланың тарихын айтып беріп, жолаушыларға түрлі қызықты ақпараттар береміз.Жалпы, Шымкенттің туристік әлеуеті жақсы дамып келеді.Бүгінде 25-30 пайызға өсім бар.
Заманауи үлгідегі қос қабатты көлік бір уақытта 60 жолаушыға дейін қабылдауға қауқарлы. Жолақы бағасы балалар үшін 2000 теңге, ал ересектер үшін 3000 теңге көлемінде бекітілген. Жолаушыларға шаһардың кешкі келбетін паш ететін көлік жаз бойы тұрақты түрде қызмет көрсетеді.