Түркістандық түлектер де алтын ұя мектебімен қоштасты. Жаңа өмірге қадам басқан жастардың салтанатты жиынына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Аймақ басшысы түлектерге сәт сапар тілеп, ұстаздар қауымына ерекше алғыс білдірді. Мерекелік шара қалай өтті? Келесі сюжетте.


Биыл Түркістан облысында 35 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде 2416 түлек «Алтын белгіге», ал 3141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Ал ұлттық бірыңғай тестілеуге 31 мыңнан астам оқушы өтінім берген. Жиында сөз алған өңір басшысы барша түлекке сәттілік тіледі.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгінгі әлем – IT, жасанды интеллект, стартаптар мен жаһандық инновациялар заманы. Диплом алу – мақсат емес, білімді өмірде қолдана білу, креативті болу – басты тренд. Өздеріңе сеніңдер, бойларыңдағы жастық жалынды еліміздің, туған жеріміздің дамуына бағыттаңдар.


 Түркістан облысы білім саласында көш бастап келеді. Өңірдегі 1106 мектепте 554 мыңнан астам білім алушы оқу жылын аяқтады. Биыл облыс оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадаларда топ жарып, биіктерден көрінді.


 ӘСЕМ ОРАЗ, БІТІРУШІ ТҮЛЕК
 Толқып тұрмын. Он бір жыл бойы білім алған мектебіме алғысымды айтамын. Енді бәрі мамандық таңдап, жаңа өмірге қадам басып жатыр. Сыныптастарымды қимай тұрмын.

Өңірде білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл жылы облыста 20 білім беру ұйымы пайдалануға берілсе, оның басым бөлігі «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған.