Шымкентте «Хроникадан болашаққа» атты республикалық деректі кино апталығы басталды. Ағартушылық жоба Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығы аясында жүзеге асырылып отыр. Еліміздің әр өңірінде авторлық деректі фильмдер көпшілік назарына ұсынылады. Шымкенттік көрермен іс-шараның алғашқы күні «Aral» және «Қуатты серіктес» деректі фильмдерін тамашалады.
«Aral» – бүкіл өмірін Арал теңізіндегі балық шаруашылығына арнаған Күнтуған Тұрғынбаев қария туралы портрет-фильм. Картинада теңіздің бүгіні мен болашағы туралы ой қозғалады. Ал «Қуатты серіктес» туындысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсан айында Жапонияға жасаған сапарының қорытындысы мен екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамуы баяндалады.
Астана қаласында бастау алған республикалық кинолекторий Қазақстанның 20 қаласын қамтиды. Көрсетілім барысында Президент телерадиокешенінің үздік авторлық деректі фильмдері ұсынылады. Көрсетілім Шымкенттен кейін Тараз қаласында өтеді. Жоба 25 қыркүйекте Алматы қаласында қорытындыланады.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Елдің өткен тарихын саралау үшін бұл деректі фильмдердің барлығы қажетті дүние деп білеміз. Жалпы, Президент телерадиокешені осы деректі фильмдерді түсіріп қана қоймай, қазіргі таңда ақпарат кеңістігінде қанат жайып келеді. Фильмде көрсетілген кейіпкерлерден, оның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлынан да елге қызмет етудің үлгісін үйреніп, мемлекетіміздің болашағы үшін қызмет ете берейік.
Кинолекторийдің екінші күні көрерменге «Travel Kazakhstan» және «Серт» фильмдері ұсынылады. «Travel Kazakhstan» туындысы еліміздің туристік әлеуетіне арналса, «Серт» фильмі көрерменге Қазақстанның 2024 жылғы көктемгі жойқын су тасқыны салдарын қалай еңсергенін көрсетеді.