Ордабасы ауданында жасөспірімдер арасында дзюдодан КСРО спорт шебері, медицина ғылымдарының кандидаты Сейітжамал Орынбасарұлын еске алуға арналған турнир өтті. Додаға өңір спортшыларымен қатар көршілес аймақтың саңлақтары қатысты. Сондай-ақ алыс-жақын шет елдерден де мықты спортшылар келген.


50 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Алинұр Дәуіт Түркістан өңірінің намысын қорғады. Дзюдомен бес жылдан бері тұрақты айналысатын ол кезекті жарысқа тыңғылықты дайындалған. Айтуынша, мұнда физикалық әдіс-тәсілмен қатар психологиялық жігер де басты орында. Сондықтан ол татамиге көтерілмес бұрын салқынқанды қалып сақтап, жоспарын іштей пысықтайды.


 Жарыста 300-ге жуық спортшы бақ сынады. Олар жас ерекшелігіне қарай төрт топқа жіктеліп, 19 салмақ дәрежесінде күресті. Татамиге көтерілген өрендер тек жеңіс үшін емес, алда өтетін үлкен жарыстарға жолдама алу үшін де барын салды. Өйткені көзге түсіп, шеберлік танытқандар алда өтетін ел біріншіліктеріне қатысады.


 ХАМИТДИН ЖАРҚЫНБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЗЮДО ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 – «Осы жарыста чемпион болғандар Астана қаласында өтетін ел біріншілігіне қатысады.» «Жекелей сында 19 салмақ дәрежесінде спортшылар бақ сынасады. Бірінші орынға 20 мың, екінші орынға 15 мың, үшінші орынға 10 мың теңгеден беріледі.»


Әріптестері мен дос-жарандарының айтуынша, Сейітжамал Орынбасарұлы өңір медицинасына елеулі үлес қосып, саланың жан-жақты дамуына жағдай жасаған азамат. Әр жылдары облыстың денсаулық сақтау саласында басшылық қызмет атқарған. Сондай-ақ жауырыны жерге тимеген үздік спортшы атанған.


 ҚОБЫЛАНБЕК ОҢАЛБЕКОВ, С. ОРЫНБАСАРҰЛЫНЫҢ ТУЫСЫ
 – «Жас ұрпаққа бұл турнир отансүйгіштікті, адалдықты, тәртіпті насихаттайды деп ойлаймын. Өмірін спортқа арнап, дзюдоның дамуына үлес қосқан азаматты біз құрметпен еске аламыз.»


 СПАНДИЯР БЕКЖІГІТОВ, МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
 – «Өзінің адами қасиеттерінің арқасында ел алдында жақсы қырынан көрініп, өңір медицинасын ілгері сүйреді.»  «Медицинаны да, спортты да қатар алып жүрген жан-жақты, біртуар азамат.»


 Жарыс тартысты өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубоктар және медальдармен марапатталды. Құттықтау сөз сөйлеген Сейітжамал Орынбасарұлының әріптестері мен достары спорт шебері жайындағы естеліктерімен бөлісіп, оны жастарға үлгі етті.