Бозарық шағынауданында үш қызметті біріктірген жаңа кешен бой көтерді. Енді елді-мекенде төтенше жағдай орын алса, жедел қызметтер бір орталықтан оқиға орнына аттанады. Тұрғындарға алғашқы көмек көрсетіп, қауіптің алдын-алады. Толығырақ ашылу салтанатына қатысып қайтқан тілшіміз тарқатады.


 АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Ел игілігіне берілген жаңа нысанда өртке қарсы қызмет, жедел медициналық жәрдем мен полиция бөлімшесі жұмыс істейді. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен салынған кешен Бозарық, Алтын Орда және Береке шағынаудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Жаңа орталықтың ашылу салтанатына төтенше жағдайлар Министрі Шыңғыс Сайранұлы арнайы қатысты.


АСҚАР ШӘРІП, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ
Бұл әмбебап құрылыс кешені жергілікті әкімдіктің қолдауымен салынып отыр.Мұнда 38-ге жуық өртке қарсы қызмет қызметкерлері, полиция департаменті мен жедел-жәрдемнің бригадалары жұмыс істейді.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Үш орталықты біріктірген нысанда қызметтік бөлмелер, газ-түтіннен қорғау бекеті, оқу сыныбы, асхана мен автотұрақ орналасқан. Жеке құрамның кәсіби шеберлігін шыңдау үшін оқу-жаттығу орындары мен спорт алаңы да жабдықталған. Бұл 17 мыңнан астам тұрғыны бар елді-мекенге көрсетілген үлкен қолдау,-дейді тұрғындар.


ЖЕКСЕНБАЙ МАҢҒАЗБЕКОВ, БАСТАУЫШ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Елді-мекенімізде жаңа кешен бой көтергелі жатыр. Енді қандай да бір келеңсіз оқиға орын алатын болса, төтеншеліктер алдын-алады. Бұл тұрғындар үшін қуанышты жаңалық.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Жаңа орталық осымен Шымшаһарда салынған төртінші нысан. Алғашқы үш кешен жарты жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді.


 ГҮЛНАР ҚҰРМАНБЕКОВА, ШЖҚ «ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУ СТАНЦИЯСЫ» МКК БАС ДӘРІГЕРІ
 Енді қандай да бір төтенше жағдай орын алса, бригадаларды жинап, оқиға орнына бірге барамыз.Бұрынғыдай полициядан немесе өрт сөндіру бөлімінен хабар күтіп отырмаймыз.Бұл тұрғындарға жасалған қолайлы жағдай деп ойлаймын.


 АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Құтқарушы қызметінде әр секунд алтынмен тең. Ашылу салтанатында бейбіт күн батырларының еңбегі ерекше атап өтілді. Орталық мамандары заманауи техникамен жабдықталған кешенде жедел жұмыс істеп,  қауіптің алдын-алуға атсалысатындарын жеткізді.