Бүгін білім мекемелерінде соңғы қоңырау соғылды, бірақ мектеп бітіру кештері өткізілмейді. Яғни түлектерге көлік шеруін ұйымдастырып, мейрамханада көңіл көтеруге тыйым салынды. Қаулының орындалуын полицейлер қатаң бақылауда ұстайды. Тәртіп бұзғандарға шара қолданылады.


Шымкенттегі 291 мектепте 277 мың оқушы оқиды. Биыл оның 24 мыңы 9-сыныпты, 16 мыңы 11-сыныпты аяқтады. 786 шәкірт «Алтын белгі» иегері атанса, 1123 түлек үздік аттестат алды. Соның бірі - Әмірәлі Арсен. ҰБТ-дан 136 ұпай жинаған ол енді менеджмент мамандығын оқымақ. «Мақсатым - білікті маман атанып, ел дамуына үлес қосу», - дейді жас түлек.


Шымкентте 291 білім беру ұйымы бар,
онда 277 205 оқушы оқиды
24 мың 174 оқушы 9-сыныпты аяқтады
6 мың 32 оқушы 11-сыныпты аяқтады
786 оқушы «Алтын белгі» иегері
1123 оқушы үздік аттестат алды


 ӘМІРӘЛІ АРСЕН, ЖАС ТҮЛЕК
– «11 жыл оқыған мектептен түлек атану — үлкен мәртебе әрі маңызды сәт.»  – «ҰБТ-дан 136 балл жинадым.» 01:08 – «Ең бастысы — мектептегі базалық білім. Базалық білім болмаса, жоғары нәтижеге жету өте қиын. Осы орайда біздің дарынды мектеп нық іргетас қалыптастырды деп айта аламын.»


 Қала әкімі дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернатына барып, «Білімім — Отаныма» атты іс-шараға қатысты. Ғабит Сыздықбеков түлектерге сәттілік тілеп, шараның мән-маңызына тоқталды, ағалық ақылын айтты. Оның сөзінше, әр жас түлек — елдің ертеңі, болашақтың іргетасы. Олардың жоғары білім алып, сапалы кадр атануы — қоғам игілігі үшін маңызды.


ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Сіздер — елдің болашағысыздар!» «Ресми әкім ретінде ғана емес, ағаларыңыз ретінде де тек жақсылық тілеймін. Өсіп-өніп, биіктерден көріне беріңіздер!»


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Мектеп қабырғасындағы соңғы қоңыраудан кейін оқушылар үйлеріне тарайды. Әрі қарай көлік шеруі, мейрамханадағы думан сынды көңіл көтеру шаралары болмайды. Мұның себебі — жауаптылар мұны жыл сайынғы жазатайым оқиғалармен байланыстырады. Бұған дейін әкесінің немесе ағасының көлігін рұқсатсыз тізгіндеп, жылдамдықты бақылай алмаған жасөспірімдер келеңсіз жағдайларға тап болған. Ал мейрамханадағы той ата-аналарға қосымша қаржылық ауыртпалық түсіреді.


ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 – «Ресторандарда, ойын-сауық орталықтарында көңіл көтеруге, сондай-ақ көше бойында кортеж жасап, көлік шеруін ұйымдастыруға тыйым салынды. Ата-аналарға да ескерту жасалды.» «Қаладан шығу-кіру жолдарына 12 блокпост қойылып, полиция тарапынан балаларды бақылау күшейтілді.»


 Сала министрлігі мен қала әкімдігінің бұл шешіміне түлектер мен ата-аналар қарсы емес. Керісінше, қолдау білдіріп отыр. Аста-төк дастархан жайып, даурықпа кортеж ұйымдастырғаннан гөрі, жоғары оқу орнына дайындалып, білімін шыңдаған дұрыс дейді олар.


ГҮЛЗИНЕП ПІРӘЛІ, ЖАС ТҮЛЕК, «АЛТЫН БЕЛГІ» ИЕГЕРІ
 – «Дәл осындай кортеж, мейрамхана дейтін шулы іс-шараларға қарсымын шыны керек. Мектеп бітіру кеші — мектеппен қоштасу ғана. Оны атап өту ата-анамен бірге болғаны дұрыс. Ол мектеп қабырғасында болатын дүние деп ойламаймын.»


 НАСИХАТ БИНАЗАРҚЫЗЫ, АТА-АНА
 – «Бұл нәрсеге өзім қарсымын. Жылда көріп жүрміз, жазатайым жағдайлар болып жатыр. Көліктер аударылып қалып жатыр.» «Өзім тыйым салып отырмын. Балам ешқайда бармайды.»


Түлектердің жанарында от, жүрегінде қимастық. Ұстаздар да көз алдында жетілген шәкірттерін үлкен өмірге шығарып салды.


ГҮЛБАНУ ИСА, ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН №1 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН IT ЛИЦЕЙ-ИНТЕРНАТЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ
 – «Бүгінгі соңғы қоңырау — түлектер үшін тарихи күн. Барша түлектерге сәттілік тілейміз. Армандар орындала берсін.»  «Біз саналы шәкіртке сапалы білім беруді әрі қарай жалғастыра береміз.»


Кеш соңында шәкірттер түлектер вальсін билеп, мектеп ұжымына алғыс білдірді. Айта кетейік, биылғы оқу жылында Шымкенттік оқушылар республикалық, халықаралық олимпиадаларға белсенді қатысып,  3 алтын, 10 күміс, 7 қола медаль еншілеген.