Қызылорда қаласында оқушылар арасында республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысы аяқталды. Додаға Қазақстанның 18 өңірінен әр спорт түрі бойынша үздік деп танылған командалар қатысып, өзара мықтыны анықтады.


Шымкент қаласының намысын бірнеше спорт түрінен дарынды оқушылар абыроймен қорғады. 7-8 сынып оқушылары арасында өткен жарыста шымкенттік шахматшылар ерекше шеберлік пен жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, командалық есепте І орынды жеңіп алды. Жерлестеріміз жеті кездесудің жетеуінде де айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл – шымкенттік оқушылардың табандылығы мен ұстаздардың жүйелі еңбегінің, жас спортшыларға көрсетіліп жатқан қолдаудың айқын нәтижесі.