Ішкі істер министрлігі республикалық "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Шараның барысында 40 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде 500-ден астам жүргізуші мас күйінде көлік басқарған.


Жол-көлік оқиғаларының ауыр зардаптарына әкелетін құқық бұзушылықтар тәртіп сақшыларының ерекше назарында. Республика бойынша іс-шараға 10 мыңға жуық полиция қызметкерлері, көліктік бақылау органдары, мемлекеттік кірістер қызметі және қоғам өкілдері жұмылдырылды.


БАҒЛАНБЕК АЙТПАЕВ, ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Іс-шараның барысында 40 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде 500ден астам мас күйінде көлік басқару, 397 қарсы бағытқа шығу, 6 мыңнан астам рөлде телефон пайдалану және 4 мыңнан астам техникалық байқаудан өтпеген көлік анықталды. Сонымен қатар жолаушылар тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Заңсыз жолаушылар тасымалдау, оның ішінде заңсыз такси қызметі анықталды. 2 600-ден астам көлік арнайы тұрақтарға қойылды.


Сондай-ақ, оқу жылының аяқталуы мен жазғы демалыс қарсаңында балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу мақсатында "Абайлаңыз, балалар!" республикалық акциясы өткізілуде. Акция аясында 2 мыңнан астам мектепке тексеру жүргізіліп, 1 300-ден астам мектеп автобусы тексерілді. Техникалық ақауы бар көліктер анықталып, жауапты тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.