Елімізде Әкімшілік рәсімдік – процестік кодекстің қабылданғанына бес жыл толды. Осыған орай, Түркістанда заңгерлер мен атқарушы билік өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Жиында мемлекеттік органдар мен бұқара арасындағы құқықтық тепе-теңдікті қамтамасыз ету мәселесі сөз болды.  


Бес жыл бұрын қабылданған кодекс – бүгінде мемлекет пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналды. Түркістанда өткен жиында заңның азаматтар құқығын қорғаудағы маңызы жоғары бағаланды. Шарада әсіресе «тыңдалу құқығы» қағидатының тиімділігі айтылды. Бұл жүйе қандай да бір шешім қабалданбас бұрын алдымен қарапайым азаматтың уәжін тыңдауға жол ашты. Осылайша «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іс жүзінде дәлелденді.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Кодекс – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың нақты тетігін қалыптастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі.  Әсіресе, «тыңдалу құқығы» қағидатының енгізілуі қандай да бір шешім қабылданар алдында азаматтың пікірі ескеріліп, уәжі тыңдалып, мәселені жан-жақты қарау тәжірибесін қалыптастырды.


 Бес жыл ішінде әкімшілік әділет жүйесі құқық үстемдігін қамтамасыз етті. Сонымен қатар, бұл заң мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттырып, халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайта түскен. Жиында құқықтық білім мен ғылыми зерттеулерді дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады.


 ЖАНАР ТЕМІРБЕКОВА, Қ.А.ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХҚТУ-НІҢ РЕКТОРЫ
Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі күшейіп, азаматтардың сот органдарына сенімі арта түсті. Әрине, бұл жетістіктердің артында судьялардың, заңгерлердің, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау саласы мамандарының қажырлы еңбегі тұр.


Алқалы жиынды қорытындылаған заңгерлер әкімшілік соттардың қоғамдағы рөлі жыл сайын күшейіп келе жатқанын атап өтті. Бес жылдық тәжірибе алдағы уақытта да заң үстемдігін қорғауға негіз болмақ.