Ертең иісі мұсылман Құрбан айт мерекесін атап өтеді. Исламға иланғандар бұл күні мал сойып, ас береді. Жетім-жесірге көмектесіп, садақа үлестіреді. Дін қызметкерінің айтуынша, құрбандықты онлайн шалуға да болады. Ол үшін муфтияттың арнайы сайты жұмыс істейді. Діни рәсімге қандай жануар жарамды? Қауіпсіздік талаптарын кім бақылайды? Мереке қарсаңындағы төрт түліктің бағасы қанша? Қанат Жолдасбек зерттеп көрді.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Құрбандықты онлайн шалуға болады. Ол үшін qurban.muftyat.kz сайтына өту қажет. Мұнда бірнеше терезе бар. «Құрбан шалу» ұяшығын ашып, қажетті мал түрін таңдауға болады. Мұнда қойдың құны 125 мың, ірі қара бағасы 875 мың деп көрсетілген. Сайттағы мәліметке сүйенсек, сиырды 7 кісі бірлесе шалуға болады. Мұндайда жалпы сомманың 7/1 бөлігі төленеді. Егер құрбандықтың есебін қажет етсеңіз, қызметті ұйымдастырушылар WHATSAPP-қа фото-видео дәлелдеме жібереді . Ислам сеніміне сәйкес, сойылған малдың бір бөлігі жетім-жесір, жағдайы төмен отбасыларға үлестірілуі парыз. Тиісінше, әлеуметтік осал топ өкілдері мұндағы «құрбан етін алу» ұяшығына кіріп, қажетті мәліметтерді жолдап, ет ала-алады.
ЕРҒАЗЫ БАЙДИЛЛАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бұл қабатты үй тұрғындарына ыңғайлы. Жылда құрбандық шалуға ниеттенеміз, бірақ мал соятын аула болмаған соң кейінге қала беретін. Онлайн құрбандық осы мәселені шешіп отыр.
Айт күндері Шымкентте үш мал сою орыны жұмыс істейді. Бекеттер Бозарық пен Сайрамда және Еңбекші ауданында орналасқан. Мұндағы жануарлар арнайы тексерістен өтіп, онысы құжат-қағазбен расталған. Қой бағасы 100 мыңнан 180 мыңға дейін, ірі қара құны 600 мыңнан 800 теңге дейін барады.
НАБИХАН ЮНУСАЛИЕВ, KZ MEAT FARM ШҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ
– «Талаптарға сай саулықтар келген. Бәрі тексерістен өтіп, сырғаланған. Осы қойларды дайындап отырмыз.» «Қазіргі таңда 25-30 қасап бар. Тағы келеді ертең.»
Діни рәсім қарсаңында сала мамандары баспасөз отырысын өткізіп, құрбан-шалудың шарт-талабын түсіндірді. Имамдар, сойылатын малдың көзінше пышақ қайрауға, жануарды қинауға, өтпейтін кескіш қолдануға тыйым салынатынын айтады. Рәсім үшін таңдалатын ірі қараның жасы 2-ден, түйенің жасы 5-тен, қой мен ешкінің жасы 1-ден асқан болуы тиіс. Сондай-ақ құрбандықтың бақуат, дені сау болуы да басты талап.
БАҒДАУЛЕТ АБДРАХМАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ
– «Айттың бірінші күні 27 мамыр болатын болса, айт намазы Шымкент қаласы бойынша сағат 6:00-де оқылады. Сол алтыдан кейін барып..» «Құрбандық малдарын шалады.» «Иә, жақсы сүйікті амал, бірақ бір бүйірден кредит, бір бүйірден қиындық қысып тұрса міндетті емес.»
Айта кетейік, осы айда мұсылмандар Исламдағы 5 парыздың бірі саналатын қажылық сапарына аттанады. Бағдаулет Абдрахмановтың сөзінше биыл Қазақстаннан Мекке қаласына 4 мыңға жуық азамат зиярат етуге барады. Сондықтан да имамдар айт мерекесі тек мал сою күні емес, тазару амалы екенін алға тартады.