Шымкентте биыл екі жүз қырық бес мыңнан астам оқушы жазғы демалыспен қамтылады. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аппараттық кеңес өткізіп, жауапты тұлғаларға балалардың қауіпсіздігін жіті қадағалауды тапсырды.


 Лагерьлерге жолдама беру кезінде әлеуметтік осал санаттағы балаларға басты назар аударылады. Көп балалы, аз қамтылған және ата-ана қамқорлығынсыз қалған он бір мыңнан астам өрен қала сыртындағы лагерьлерде тынығады. Әкім балалардың сауықтыру маусымы сапалы, ең бастысы, қауіпсіз өтуі қажет деді. Жиында қаралған келесі мәселе — бұқаралық спорт. Қазір Шымкентте мемлекет пен бизнес серіктестігі аясында бес ірі жоба сәтті жүзеге асып жатыр. Соның нәтижесінде футбол, жекпе-жек және ату спорты бойынша заманауи кешендер бой көтерді. Бүгінде мың жарымнан астам бала бұл секцияларда тегін жаттығып жүр. Бұл жобалар бұқаралық спортты дамытып қана қоймай, жүз отыздан астам тұрақты жұмыс орнының ашылуына септігін тигізген. Кеңесті қорытындылаған қала басшысы жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» заң талаптарының қатаң сақталуын міндеттеді. Сонымен қатар, спорт саласындағы тиімді жобаларды тоқтатпай, серіктестікті одан әрі жандандыруды жүктеді.