Шымкенттік шаруалар экзотикалық жеміс өсіруді табысты кәсіпке айналдырып отыр. Орталық Азиядағы бірегей тропикалық плантациядан ел нарығына жылына мың тоннаға дейін банан жеткізілмек. Аумағы 5 гектарды құрайтын жылыжай тропикалық баққа айналған. Жайқалған жапырақтардың арасынан үзілгелі тұрған жемістерді тамашалау үшін еліміздің түкпір-түкпірінен туристер келеді. Тіпті шетелден арнайы ат басын бұратын қонақтар да экзотикалық жемістің өсіп-жетілу процесін көріп, табиғи өнімнен дәм татуға мүмкіндік алады.
Бұл қала іргесіндегі 5 гектар жерде орналасқан банан бағы. Тропикалық белдеуге бейімделген жылыжайда жоғары сұрыптағы шамамен 10 мыңға жуық банан көшеттері отырғызылған. Бүгінде олар жергілікті климатқа тез жерсініп, жайқалып өсіп өнім беріп жатыр. Бір көшеттің бойы 6 метрге жуықтайды. Тропикалық бақ бүгінде табысты шаруашылықпен қатар, көпшілік қызыға баратын туристік орынға айналған.
СЕЗІМ МЫРЗАЛИЕВА, ТУРИСТ
Әлеуметтік желіден көріп келдім. Көңілімізден шықты. Ойдағыдай. Керемет сезім береді. Дәмі ерекше. Дүкен сөрелеріндегі бананмен айырмашылығы бұл жақтағы бананның дәмі құнарлы екен. Гид жүреді қасымызда, сол бәрін түсіндіреді қалай қанша уақытта өсетінін…
Толық автоматтандырылған жүйе тропикалық климатты тұрақты сақтап, өнімді бірнеше рет жинауға мүмкіндік береді. Мамандар банан химиялық қоспасыз пісетіндіктен, сапасы мен дәмі жағынан импорттық өнімнен кем түспейтінін айтады.
ИСЛАМ ӘЛИЕВ, ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
Бұл бірінші еккеннен кейін 15-17 жылға дейін жетеді. Өнім ала береміз бір егілгеннен кейін. Адамдар көбейіп жатыр. Звондап жатыр келуге бола ма деп. Мектеп жақтан келіп жатыр. 100-150 адам келіп жатыр, одан да көп болып жатыр. Потому что халық енді енді біліп түсініп жатыр да бұны…
Банан көшеттерін баптау жұмыстарына жергілікті ондаған тұрғын тартылған. Ал жиын-терім науқанында тағы 30 адам жұмылдырылады. Ауқымды жобаға 1 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған. Шаруалар жылына мың тоннаға жуық өнім жинауды жоспарлап отыр.
Енді кәсіпкерлер жылыжай аумағын ұлғайтып, экзотикалық жемістердің жаңа түрлерін жерсіндіруді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта мұнда бананмен қатар ананас, авокадо, манго және кокос пальмасын өндірістік көлемде өсіру көзделген. Осылайша ауқымды жоба ішкі нарықты отандық өніммен қамтып қана қоймай, агротуризмнің дамуына да серпін бермек.