Түркістан облысында қуаты 300 мегаваттық фотоэлектрлік станцияның іргетасы құйылды. Осылайша өңірдегі алып "жасыл" энергетика жобасының негізгі құрылыс кезеңі басталды. Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жемісі саналатын бұл нысан өңір экономикасына жаңа серпін бермек.


Сауран ауданында алып күн электр станциясының құрылысы қызды. Жобаның уақыт капсуласы өткен жылдың желтоқсанында салынған болатын. Содан бері жер жұмыстары толық аяқталып, кеңсе мен қойма ғимараттары бой көтерді. Ал бүгін негізгі қондырғыларды орнату жұмыстары ресми түрде басталды. Игі бастамаға Үкімет пен тиісті министрліктер тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілген. Шараға арнайы қатысқан аймақ басшысы өңірдің табиғаты баламалы энергия көздерін дамытуға өте қолайлы екенін атап өтті.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Өткен жылдың желтоқсан айында осы жобаның іргетасын қалап, капсула салу рәсімін бірге өткізген болатынбыз. Бүгін құрылыс жұмыстарын ресми түрде бастап отырмыз. Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайы  баламалы энергия көздерін дамытуға өте қолайлы.


Бұл жоба – Қазақстан мен Қытай арасындағы «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастықтың жаңа белесі. Болашақта инвесторлар «Самұрық-Энерго» компаниясымен бірлесе отырып, құрылысты халықаралық стандарттарға сай жүргізбек. Ең бастысы – алып нысан жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға септігін тигізеді.


МАҚСАТ ТАҢҒАТАРОВ, САУРАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Құрылыс кезеңінде 500-дей жұмыс орны ашылып, өңірдің экономикасы мен өнеркәсібінің дамуына нақты серпін береді. Іске қосылғаннан кейін станция жыл сайын шамамен 674 миллион киловатт-сағат таза электр энергиясын өндіреді деп күтіліп отыр.


Жоба толық іске қосылғанда өңірдің электр энергиясына деген тапшылығы жойылып, қоршаған ортаға келетін залал азаяды. Қазір, құрылыс жұмыстары қатаң бақылауға алынған.