Төлеби мен Қазығұрт аудандарының кей аумақтарында нөсер жауын орын алған болатын. Салдарынан бірнеше тұрғын үйдің ауласына жаңбыр суы жиналып, тұрғындарға қолайсыздық туындады. Қазіргі таңда жауын-шашын тоқтап, жағдай тұрақталған.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Төлеби ауданында 3 тұрғын үйдің ауласы мен 1 жеке тұрғын үйді су алған. Ал Қазығұрт ауданындағы бірнеше үйдің ауласына жаңбыр суы кірген. Шығын анықталған жағдайда, оны демеушілер есебінен өтеу мәселесі әкімдік тарапынан қарастырылатын болады. Қазіргі уақытта аталған аумақтарда суды бұру және су тасқынының алдын алу бағытында жедел жұмыстар жүргізілуде. Апаттың салдарын жоюға 100-ден астам адам, 20-ға жуық техника және 14 мотопомпа жұмылдырылған. Арнайы жұмысшы топтар күшейтілген режимде жұмыс атқаруда. Елді мекендерде кешенді жұмыстар ұйымдастырылып, барлық тиісті қызметтер толық жұмылдырылған. Аймақтағы су нысандары мен өзен-көлдердің жағдайы тұрақты бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметі жағдайды толық бақылауда ұстап отыр.
АЗИЗХАН ИСМАИЛОВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Қыдырбаймет және Жіңішке ауылдарында 3 тұрғынүйдің ішіне кірген. Қазір мен өзім барып көрдім. Бұл жұмыстар демеушілер тарапынан қолға алынатын болады.