Конституцияның жаңа жобасында білім саласын дамыту мен ұстаздардың мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлінген. Әрі әр азаматтың сапалы білім алуға құқығы бар екені айқындалған. Бүгін Абай атындағы №32 мектепте жаңа Ата заң жобасын түсіндіруге арналған кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны Қаратау аудандық әкімдігі өткізді. Жиынға мектеп педагогтері қатысып, Конституция жобасына енгізілген өзгерістер жайлы пікір алмасты.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Жаңа Конституция жобасы қоғамның сұранысы мен заман талаптарына сай әзірленді. Құжат жаңа мазмұнмен толықтырылып, ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайды. Жиын барысында білім мен ғылым саласы, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен цифрлық қауіпсіздікке қатысты сауалдар қойылды.
БЕК ӘКІМБАЙ, ҚАРАТАУ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ
Бүгінгі кездесуге қатысушылар саяси өзгерістер жайлы сауал жолдады. «Құрылтай», «Вице-Президент» атаулары жайлы ақпарат бердік.Сонымен қатар, ұстаз мәртебесі, мұғалім құқығы жайлы сұрақтар да болды.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Кездесуде ұстаздар жаңа Конституция жобасындағы білім беру саласына қатысты өзгерістерге ерекше назар аударды. Педагогтердің айтуынша, құжатта құқықтық мемлекет қағидаттары нақты айқындалып, білім сапасын арттыру мен цифрландыру мәселелеріне басымдық берілген. Олар аталған өзгерістер ел дамуына оң серпін беріп, қоғамның өркендеуіне ықпал етеді деген пікір білдірді.
ӨМІРБЕК ҮСЕНБЕКОВ, АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Оқушыларға білім беру, тәрбие жұмысымен айналысу оңай емес.Биыл Президентіміз жасанды интеллект саласына көп көңіл бөліп жатыр.Елімізде тың бастамалар көтерілді, жаңашылдық та жоқ емес.Жастарымыз мұндай қарқынға дайын болуы керек.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Басқосу ашық диалог форматында өтті. Кездесуге келгендер толғандырған сауалдарын жолдап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.