Түркістан облысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асқан әлеуметтік жобалардың ауқымы артып келеді. Соңғы төрт жылда өңірде жалпы құны 12 миллиард теңгеден асатын бастамалар іске асып, білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және әлеуметтік қорғау салаларына қомақты қолдау көрсетілді.
Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Чинкисбаевамен кездесу барысында мәлімдеді. Тараптар жүзеге асқан жобалардың нәтижесін саралап, алдағы бірлескен бастамаларды талқылады.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Түркістан облысына көрсетіп отырған жүйелі қолдауларыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған “Қазақстан халқына” қоғамдық қоры бүгінде халқымыздың бірлігі мен қамқорлығының айқын символына айналды. Біз Қормен арадағы әріптестікті бір реттік көмек ретінде емес, өңірдің адами капиталын дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық ынтымақтастық деп бағалаймыз.
Кездесу барысында жаңа жобаларға да басымдық берілді. Соның бірі - «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік» жобасы. Оның аясында облыстағы 100 ауыл мектебі 300 заманауи пән кабинетімен жабдықталады. Ал облыс әкімдігі кабинеттерді жаңғырту жұмыстары мен 4,5 мыңнан астам педагогтің біліктілігін арттыруға қажетті қаржыны қамтамасыз етеді.