Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бойынша елде көш бастап тұр. Биыл өңірдің қысқа мерзімді экономикалық өсімі 123,3 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Жиында еліміздің қаңтар–маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сараланды.
Үкімет отырысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс арқылы қатысты. Басқосуда Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, қаржы вице-министрі Ержан Біржанов және орталық мемлекеттік органдардың басшылары баяндама жасады. Жиында жыл басынан бергі алты айдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жан-жақты талданып, негізгі салалардағы өсім қарқыны қаралды. Әсіресе, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мен транзиттік әлеуетті арттыру мәселесіне басымдық берілді. Осыған байланысты Үкімет биылғы жылдың соңына дейін «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысын аяқтауды, сондай-ақ өзге де стратегиялық теміржол жобаларын іске қосуды, теміржол вокзалдарын жаңғыртуды және автомобиль жолдарының сапасын қамтамасыз етуді тапсырды. Жиынды қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов орталық мемлекеттік органдар мен өңір әкімдеріне жоспарланған экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жеке жауапкершілікпен жұмыс істеуді міндеттеді.