Жазғы демалыс балалар үшін қызыққа толы өтсе, оның әсері де ерекше болмақ. Осы орайда Шымкентте «Көңілді жаз – бақытты бала» атты психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Шара барысында бүлдіршіндер сурет салып, ойындарға қатысып, бассейнде сергіді. Сондай-ақ мамандар балалардың психологиялық дамуына арналған жаттығулар өткізіп, қауіпсіздік ережелерін де түсіндірді.


Іс-шараға №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мен Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілері қатысты. Ашылу салтанатында Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Анарбайұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, балалардың сапалы демалысы мен жан-жақты дамуына бағытталған мұндай бастамалардың маңызын атап өтті.


ӘКІМЖАН АНАРБАЙҰЛЫ, ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бұл іс шара  жастарға жақсы тәрбие береді деп ойлаймын. Күннің ыстағына  байланысты балалар бассейнде  шомылып,суреттер салуда.  


Тренинг барысында балалар арт-терапияға қатысып, сурет салу арқылы өз шығармашылығын шыңдады. Сонымен қатар түрлі психологиялық ойындар ұйымдастырылып, эмоцияларын еркін жеткізуге мүмкіндік жасалды. Аптап ыстыққа байланысты аква-терапиялық сауықтыру бағдарламасы өткізіліп, бүлдіршіндер бассейнде сергіп, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Шараға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары да қатысып, балаларға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Құтқарушылар шомылу кезінде сақталуы тиіс талаптарды айтып, төтенше жағдайда дұрыс әрекет ету жолдарын көрсетті.


ДИАС МАҚҰЛБЕК, ТҰРАН АУДАНДЫҚ ТЖБ АҒА ЛЕЙТЕНАНТЫ
Бүгінгі таңда жастар ресурстық орталығы мен төтенше жағдай департаментінің ұйымдастыруымен балаларды шомылуға, үйретуге, баулуға үлкен іс шарамыз өтіп жатыр.


Балалар үшін бұл күн ойын мен көңіл көтеруге ғана емес, жаңа достар тауып, пайдалы білім алуға да мүмкіндік болды. Осындай шаралар бүлдіршіндердің жазғы демалысын мазмұнды өткізіп, олардың шығармашылық қабілетін дамытып, психологиялық саулығын нығайтуға және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.