Қазақстанда медициналық зертханаларды аккредиттеу рәсімі цифрлық форматқа көшті. Енді құжат жинап, мекемелерді жағалаудың қажеті жоқ. Аккредиттеу аттестаты электрондық үкімет порталы арқылы небәрі екі жұмыс күні ішінде рәсімделеді.


Денсаулық сақтау министрлігі бұл қағидаларға өзгерістер әзірледі. Тиісті бұйрық жобасы қоғамдық талқылау үшін арнайы порталға жарияланған. Ведомствоның мәліметінше, жаңашылдық аккредиттеу рәсімінің соңғы кезеңін ғана қамтиды. Яғни, құжатты алу процесі жеңілдеп, қағазбастылық азаяды. Цифрландыру жүйесі зертханалардың жұмысына қосымша талап жүктемейді. Керісінше, уақытты үнемдеп, мемлекеттік қызметті алу процесін ыңғайлы етеді. Дегенмен, елде зертханаларға қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады. Өтініш беру тәртібі мен қажетті құжаттарды ұсыну кезеңі бұрынғы ережемен жүргізіледі. Министрлік бұл жаңашылдықтар мемлекеттік қызметті барынша қолжетімді етіп, қағазбастылықты жоюға бағытталғанын айтады.