Бүгінде бала біткенді баурап, жүйке жүйесін «тыныштандырады» делінетін антистресс ойыншықтарына деген әуестік артып келеді. Көздің жауын алатын тартымды дизайны мен қолжетімді бағасы бұл өнімдерді әлеуметтік желілерде трендке айналдырды. Алайда сапасы мен қауіпсіздігі толық тексерілмеген ойыншықтар сауда сөрелерінде самсап тұр. Құрамы беймәлім бұл өнімдер адам денсаулығына үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Сәттік ермектің соңы неге апарады? Аружан Самидин тарқатады.
Осыдан бірнеше апта бұрын ғана құрбыларымен аулада асыр салып ойнап жүрген жеті жасар қыз бүгінде далаға шығудан қалған. Себебі дүкеннен сатып алынған антистресс ойыншығы қолында кенеттен жарылып, бүлдіршін химиялық күйік алған. Бірнеше күн бойы ауруханада ем қабылдаған қыздың анасы жараның ізі қалып қоя ма деп алаңдайды.
АСЕЛЬ ПАК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Қызым бұл ойыншықты үйдің жанындағы дүкеннен сатып алған еді. Бір күні қонақ бөлмесіндегі кереуетте ойнап отырған. Кенеттен ойыншық жарылып, ішінен гель тәрізді сұйықтық ағып шығып, бірден терісіне жабысып қалды. Абырой болғанда, жолдасым екеуміз үйде едік. Дереу алғашқы көмек көрсетіп, салқын сумен жуа бастадық. Бірден жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер үшінші дәрежелі күйік деген диагноз қойды.»
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Бүгінде балалардың қолынан түспейтін бұл антистресс ойыншығы нарыққа шыққанына көп бола қойған жоқ. Бағасы да қолжетімді – небәрі мың теңгеден басталады. Түрлі пішіні мен жарқын түсі тіпті ересектердің де назарын өзіне аударады. Алайда оның ішіндегі желімге ұқсас гель тәрізді сұйықтықтың нақты құрамы өндіруші тарапынан көрсетілмеген.
Бұл қауіп TikTok-та тараған жаңа трендтен кейін тіпті күшейе түсті. Әлеуметтік желі қолданушылары ойыншықты жұмсарту үшін оны микротолқынды пешке салып қыздырып, бейнеролик түсіруді әдетке айналдырған. Ал қызған химиялық қоспа жарылып, соңы орны толмас өкінішке ұласып жатыр. Мұндай жағдайлар бұған дейін шетелде де тіркеліп, бірнеше бала зардап шеккен. Енді бұл қатер елімізге де жетті. Балалар сұрап, жылаған соң амалсыздан алып береміз, дейді ата-аналар.
- «Бала кезімізде лаймен, киізбен, ағашпен ойнайтынбыз. Қазір ойыншықтың көбі Қытайдан келеді. Сондықтан мұқият тексеріп, мүмкіндігінше алып бермеген дұрыс.»
- «Қазір бәрін “антистресс” деп жарнамалайды. Мен өзім киіздің ішіне өріктің, шиенің сүйектерін салып ойыншық жасаймын. Нағыз терапия – сол. Зияны жоқ.»
- «Менің де кішкентай қызым бар. Ондай ойыншықтарды алып бермеймін. Өйткені ішінде не бар екенін білмейміз.»
Қытайдан келетін сенсорлық ойыншықтарға «антистресс» деген атау берілгенімен, олардың расымен күйзелісті азайтатыны ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Мамандардың айтуынша, мұндай ойыншықтар тек баланың сезіну қабілетін дамытуға көмектесуі мүмкін.
ЖАНЕРКЕ НҰРЫМБЕТОВА, ПСИХОЛОГ
«Бұл – сенсорлық ойыншық. Яғни, бала оны ұстап көру арқылы сезіну қабілетін дамытады. Бірақ ол күйзелісті басып, стресстен арылтады деуге болмайды. Егер бала мұндай ойыншыққа шамадан тыс әуестенсе, бұл оның ішкі жан дүниесінде белгілі бір мәселе барын көрсетуі мүмкін.»
Оқиғадан кейін құзырлы органдар да тексерісті күшейтті. Денсаулық сақтау министрлігі аталған өнімнің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін анықтауға кірісті. Егер заң бұзушылықтар немесе құрамынан зиянды заттар анықталса, өнімдер саудадан алынып, кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
РОЗАЛИНА ЕРМЕКПАЕВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ
«Елімізге әкелініп, сатылатын барлық ойыншықтың сәйкестік сертификаты болуы міндетті. Сквиш ойыншығында да осындай құжат болуы керек. Ата-аналар ойыншық сатып аларда сатушыдан осы сертификатты талап етуге толық құқылы.»
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Баланың көңілі үшін алынған арзан дүниенің зардабы шаш етектен болуы мүмкін. Сондықтан, құзырлы органдар тексерісті аяқтағанша, балаңыздың қолындағы ойыншыққа мұқият қараңыз. Тұтынушы ретінде таңдау да, сақтық та өз қолыңызда.