Тұрғын үй кезегінде тұрған 30 отбасы көптен күткен қоныс тойын тойлады. Пәтерлер жеңілдетілген несие бағдарламалары аясында берілді. Жалпы, жыл басынан бері 2 400 шымкенттік баспаналы болса, жыл соңына дейін тағы 4 мың азаматқа пәтер кілті табысталмақ.

Айжан Алишова тұрғын үй кезегіне көпбалалы ана ретінде 2016 жылы тұрған. Бүгін оның көптен күткен арманы орындалып, үш бөлмелі жаңа пәтерге қолы жетті. Баспананы ол 2 пайыздық жеңілдетілген несие бағдарламасы арқылы рәсімдеген.

АЙЖАН АЛИШОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Өте қуаныштымын! Қала әкімдігіне алғыс айтамын. Біз бұл күнді ұзақ күттік.»

Жаңа пәтерлердің кілтін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков салтанатты түрде табыстады. Баспаналар 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы берілді. Жаңа үйлер әрленген, барлық инженерлік желілерге қосылған және қоныстануға толық дайын.

 КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
«Пәтерлер толық әрленген, жаңа әрі тұруға дайын. Азаматтарға жеңілдетілген несие бағдарламалары аясында беріліп отыр.»

Пәтерлер Бозарық шағын ауданынан берілді. Қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 4 мың азамат баспаналы болады.