Елде әлеуметтік кәсіпкерлер саны артып келеді. Табыс көзін қоғамға пайдалы бастамалармен ұштастыратын қоғамдық кәсіп иелерінің саны соңғы үш айда 11,2 пайызға жуық өскен. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің бірыңғай тізілімінде 1 776 кәсіпкер тіркелген.
Бұл елімізде табыс табумен қатар, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобалардың көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Әлеуметтік кәсіпкерлер мүмкіндігі шектеулі жандар мен халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері үшін жұмыс орындарын ашып, сұранысқа ие қызметтер көрсетеді және қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды жүзеге асырады. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің бірыңғай тізіліміне енгізілу кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға және өз жобаларын дамытуға мүмкіндік береді.