Қатты жауын-шашын мен еріген қар суынан болатын су көлдеу қаупінің алдын алу жұмыстары басталды. Биыл Еңбекші ауданында су көлдеу қаупі бар 52 орын анықталды. Соның ішінде 12 мекенжайда алдын алу шаралары жоспарланып, бүгінге дейін 6 аумақта жұмыстар толық аяқталды. Бұл туралы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек бірінші жартыжылдықтың қорытындысына арналған брифингте мәлімдеді.


 Қазіргі таңда 3 мекенжайда су ағысын бұру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ал қалған аумақтарда коммуналдық мекемелер тарапынан арық-атыздар мен су өткізгіш жүйелерді тазарту жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Сонымен қатар, аудандағы кәріз жүйесімен қамтылу деңгейі 41 пайызды құрайды. Жақын арада 20 көпқабатты тұрғын үй мен жеке сектордағы 400 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады.


 ДОСБОЛ ЕСІЛБЕК, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
 Кәріз жүйесіне келетін болсақ, Базарқақпа тұрғын алабындағы 20 көпқабатты тұрғын үй мен 400 жеке тұрғын үйді орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу үшін жоба әзірленіп, жұмыстар басталып кетті. Үшінші тоқсанның қорытындысында бұл жұмыстар толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне беріледі. Бұдан бөлек, биыл тағы екі жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Орынбай ақын, Төреқұлов, Ақсу, Айтжанов, Толстой, Менделеев және Маметов көшелеріне қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сатып алу конкурсына ұсынылды.


Сонымен қатар, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында ауданда 35 балалар ойын және спорт алаңын, 6 гүлзар мен 2 аяқжолды салу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 ойын алаңы толық пайдалануға берілсе, қалған 32 ойын алаңы мен 6 гүлзардың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.