Түркістан өңірі инвестиция көлемін арттырып, жаңа өндіріс орындарын ашуға басымдық бермек. Енді экономиканың әлеуеті артып, жұмыс саны көбейеді. Бұл мәселе Инвестициялық штабтың кезекті отырысында кеңінен талқыланды.
Облыс әкімі инвестиция тарту жұмыстары бәсеңдемей, жаңа қарқынмен жалғасуы қажет екенін айтты. Оның сөзінше, өңір экономикасын көтерудің негізгі жолы – өндірісті ұлғайтып, тұрақты жұмыс орындарын көбейту. Жиында Сайрам, Арыс, Түлкібас, Жетісай, Қазығұрт, Мақтаарал және Келес аудандарында жүзеге асып жатқан ірі инвестициялық жобалардың орындалу барысы сараланды. Өңір басшысы жұмысты мерзімінен кешіктірген аудан, қала әкімдерін сынға алды. Сондай-ақ әр өңір өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, жаңа кәсіпорындар ашу бағытында нақты жоспар ұсыну керектігін жеткізді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Өкінішке қарай, кейбір аудан, қала әкімдіктерінде жұмыс өз деңгейінде емес. Әр басшының өзіндік жұмыс жоспары, бағдарламасы болады. Менің басты бағытым – өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын көбейту, терең өңдеу саласын дамыту және облысымызды дотациялық аймақтар қатарынан шығару. Әрине, бұл бір күнде, бес жылда шешілетін нәрсе емес. Бірақ, жүйелі жұмысты жалғастыру қажет.