Абайлаңыз, аптап ыстық! Синоптиктердің болжамынша, 18 шілде күні ауа температурасы 49 градусқа дейін көтеріліп, шіліңгір ыстық шарықтау шегіне жетеді. Мамандар мұндайда күннің астында ұзақ жүрмеуге, қолшатыр пайдаланып, мүмкіндігінше көлеңкелі жермен жүруге кеңес береді. Ал қан қысымы жоғары азаматтарға аса сақ болып, қажет болмаса сыртқа шықпаған жөн.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Үшінші мегаполисте бір аптадан бері аптап ыстықтың беті қайтар емес. Сынап бағанасы 40 градустан асып тұр. Мұндайда саялы көлеңке табудың өзі оңай емес. Ал қаладағы ыстықтың әсерін азайту үшін коммуналдық қызмет мамандары көшелерді суарып, су бүрку жұмыстарын күшейткен.

ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Шымкенттіктер аптап ыстықпен осылай күресіп жатыр. Коммуналдық қызмет мамандары көшелермен қатар тұрғын үйлердің аулаларына да су бүркіп, тұрғындарға аз да болса салқындық сыйлауда. Көріп тұрғандарыңыздай, дала ыстық деп үйге қамалып отырған ешкім жоқ. Балалар бір-біріне су шашып, көпірікпен ойнап, жаздың ыстығын көтеріңкі көңіл-күймен өткізуде.


 КІШКЕНТАЙ БАЛА
«Көбіріктермен ойнаған өте қызық болды. Су шашысып ойнадық. Маған қатты ұнады. Осындай іс-шаралар жиі болса екен.»


 НҰРАЛЫ ЖОЛДАС, «ҚАРАТАУ» КММ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Тұрғындар өздері хабарласып, аулаларға су шашып, салқындатып беруді сұрайды. Сол өтініштерге сәйкес осындай жұмыстарды ұйымдастырып жатырмыз. Қазір Қаратау ауданында 15 техника көшелер мен аулаларға су бүрку жұмыстарын жүргізуде.»


Соңғы күндері қала көшелерінде су бүркіп жүрген техникаларды жиі кездестіруге болады. Бұл – аптап ыстық кезінде қаладағы микроклиматты жақсартудың тиімді тәсілдерінің бірі. Су тамшылары булану кезінде жылуды өзіне сіңіріп, ауаның температурасын аздап төмендетеді. Сонымен қатар, жол жабынының шамадан тыс қызуын бәсеңдетіп, шаң-тозаңды басуға да көмектеседі.


ҚАРАМАТ РАЙЫМҚҰЛОВА, «ҚАРАТАУ» КММ УЧАСКЕЛІК МАМАНЫ
«Біз таңғы сағат 8:00-ден бастап жұмысқа кірісеміз. Түнгі кезекшілік те ұйымдастырылған. Аптап ыстық күндері су шашу жұмыстарын күшейтеміз. Сонымен қатар аялдамаларды қайта-қайта жуып, шаң-тозаңның алдын аламыз. Гүлдер мен ағаштарды суару жұмыстары да тұрақты жүргізіледі.»


Қазгидрометтің болжамынша, аптап ыстық шілденің 21-іне дейін жалғасады. Сондықтан мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында далаға шықпауға, мол сұйықтық ішіп, жеңіл киім киюге кеңес береді. Әсіресе қан қысымы жоғары азаматтардың сақ болғаны жөн.


ЖАНАТ ЖАРМЕНОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
«Алдағы күндері Шымкент қаласы мен Түркістан облысында жауын-шашын күтілмейді. Ауа температурасы түнде 23–24 градус, күндіз 44–49 градусқа дейін жетеді. Аптап ыстықтың шарықтау шегі 18 шілде күні күтіледі. Бұл күні Шымкентте ауа температурасы 49 градусқа дейін көтеріледі деген болжам бар.»

Шымкенттіктер ыстықтан қорғанудың түрлі амалын тапқан. Бірі саясы қалың көшелермен жүрсе, енді бірі арық бойын жағалап, салқындауды жөн көреді. Ал күннің қызуы күшейген шақта үйден шықпауға тырысатындар да аз емес.


 Аптап ыстықта сергіп, салқындау үшін Қошқар ата өзеніне келетіндердің қатары көбейген. Әсіресе түскі уақытта мұнда ине шаншар жер болмайды. Жер астынан шығатын шипалы бұлаққа келушілердің қарасы қалың.


ҒАЗИЗ СӘРСЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Қандай керемет етіп жөндеп қойған. Бұрын мұндай жағдай болған жоқ. Бұлақтың айналасы лас болатын. Қазір барлық жері таза, халыққа қолайлы жағдай жасалған. Кез келген жерінен суға түсуге мүмкіндік бар.»


Қалада аптап ыстыққа байланысты иттер мен мысықтарға және басқа да жануарларға ерекше күтім жасалып жатыр. Зообақта олардың мәзіріне жеміс қосылған мұздатылған тағамдар мен қауын-қарбыз енгізілген. Сонымен қатар ауа температурасының көтерілуіне байланысты дәрігер көмегіне жүгінетіндер саны артқан. Осыған байланысты жедел жәрдем қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті.