Түркістанда өндірілген ламинат енді талай шаңырақтың еденіне төселеді. «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Qaz Natural Laminat» ЖШС-нің заманауи ламинат өндіретін зауыты іске қосылды.

Салтанатты рәсімде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Облысымызда алғаш рет ламинат өндіретін зауытты іске қосып жатырмыз. Бүгін пайдалануға беріліп отырған бұл зауыт – атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Біз өңірде импортты алмастыратын өндірістердің санын арттырып, инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауды, өндірістік инфрақұрылымды дамытуды алдағы уақытта да жалғастырамыз.

Жобаның алғашқы кезеңінде 65 тұрақты жұмыс орны ашылды. Өндірістің екінші кезеңі толық іске қосылғаннан кейін тұрақты жұмыспен қамтылатындар саны 150 адамға дейін артады. Жаңа өндіріс орны еліміздің құрылыс материалдары нарығын отандық өніммен қамтамасыз етіп, импорт үлесін азайтуға және ішкі сұранысты өтеуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта кәсіпорын өнімдерін Орталық Азия елдеріне және өзге де сыртқы нарықтарға экспорттау жоспарланып отыр.

ЛУО ИОНГ, «QAZ NATURAL LAMINAT» ЖШС-НІҢ ДИРЕКТОРЫ
Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Түркістан облысының әкімдігіне және барлық серіктестерімізге алғыс білдіремін. Кәсіпорында халықаралық стандарттарға сай заманауи технологиялар қолданылып, жоғары сапалы өнім өндіріледі. Алдағы уақытта өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтып, экспорт географиясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз.

Соңғы үш жылда өңірге 1,5 трлн теңгенің импорттық тауары жеткізілген. Оның ішінде 2025 жылдың өзінде 880 млрд теңгенің өнімі сырттан әкелінген. Қазір импортты алмастыруға бағытталған жалпы құны 280 млрд теңге болатын 39 жоба жүзеге асырылып жатыр.