Медицинаны жаңғырту жұмыстары қарқынды. Шымкентегі ауруханалар жаңа буындағы медициналық аппараттармен толықты. Соның арқасында жоғары технологиялық оталардың саны артқан. Алдағы үш жылда қаладағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы 100 пайыздық деңгейге жетеді.
Шаһардағы 2 ауруханаға жергілікті бюджет қаражаты есебінен жаңа буындағы медициналық аппараттар мен жүйелер пайдалануға берілген. Сондай-ақ, емханалар мен стационарларға 12 заманауи планшеттік ультрадыбыстық зерттеу аппараты сатып алынған. Бұл шалғай учаскелердегі тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартып отыр. Соңғы үш жылда Шымкенттегі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы 10 пайызға артқан.
ҚАЙРАТ ҚАЛИБЕКОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қалалық әкімдіктің қолдауымен материалдық-техникалық базаны нығайту қолға алынған. Материалдық-техникалық жабдықтау соңғы үш жылда 79 пайыздан 88,23 пайызға жетті. Бұл жұмыс ары қарай жалғасын табады. 100 пайыз қамту алдағы үш жылда жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, халыққа жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында жедел медициналық жәрдем қызметіне 25 жаңа санитарлық автокөлік сатып алынған. Нәтижесінде жедел жәрдем автопаркінің жаңару деңгейі 55 пайызға жуықтаған. Сонымен қатар, фельдшерлердің қауіпсіздігін арттыратын цифрлық жобалар енгізілді.
ҚАЙРАТ ҚАЛИБЕКОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Атап айтқанда, смарт бейнежетондар дәрігерлердің қауіпсіздігін арттырып, қызмет сапасын жақсартуға арналған құрылғы. Ол бейне және аудио жазба жүргізіп, деректерді онлайн жүйеге жібереді.Жалпы 240 бейнежетон сатып алынды. 120 бригада қамтамасыз етілді. Әрбір бригадада 2 фельдшер бар, әрқайсысына берілді.
Шымкенттің денсаулық сақтау саласын халықаралық талаптарға сәйкестендіру бағытындағы жұмыстар нәтижесінде жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі кеңейді. 2026 жылдың алғашқы алты айында мегаполистегі ауруханаларда 273 күрделі жоғары технологиялық операция жасалған.