Түркістан облысында биыл 50 мыңға жуық тұрғын тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қазір өңірдегі 801 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Алайда 155 елді мекенде, яғни 500 мыңнан астам тұрғынға ауыз су әлі күнге дейін кесте бойынша беріліп келеді. Жауаптылардың айтуынша, бұған су құбырларының тозуы мен жер асты сулары қорының азаюы себеп.


Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Ауыз су саласындағы түйткілдерді кезең-кезеңімен шешу мақсатында 2026–2028 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Жиында баяндама тыңдаған аймақ басшысы аудан және қала әкімдеріне, сондай-ақ жауапты басқарма басшыларына ауыз су кестемен берілетін елді мекендердің мәселесін созбалаңға салмай шешуді тапсырды. Сонымен қатар құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстап, бөлінген қаржының тиімді әрі уақтылы игерілуін қамтамасыз етуді міндеттеді.


ТОҚТАР УСУБАЛИЕВ, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Жоспарға сәйкес, биыл Арыс қаласы мен Сауран, Мақтаарал, Шардара және Қазығұрт аудандарындағы 10 елді мекенде тұратын 45,7 мың тұрғын тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қалған елді мекендердегі мәселе кезең-кезеңімен шешіліп, қажетті жобалар қаржыландыруға ұсынылады. Биыл жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 36 ауыз су нысанының құрылысына 15,6 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде жыл соңына дейін 10 нысан пайдалануға беріледі. Нәтижесінде тозығы жеткен 7 елді мекендегі су құбырлары толық жаңартылып, тағы 7 елді мекеннің 32,7 мың тұрғыны тәулік бойы ауыз сумен қамтылады. Қалған 26 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі.