Шымкентте бірнеше күннен бері аптап ыстықтың беті қайтар емес. Синоптиктер алдағы күндері сынап бағанасы бұдан да жоғары көтеріледі деп болжап отыр. Ыстыққа байланысты төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен коммуналдық мекеме қызметкерлері қала көшелері мен балалар ойын алаңдарына су сеуіп, аумақты салқындатуда. Ал зообақтағы жануарларға жеміс-жидектен әзірленген балмұздақ беріліп, қоршауларға су бүрку жүйесі орнатылған. Қалада жедел жәрдем қызметі де күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
ҚАНАТ ЖҮНІСБЕК, ТІЛШІ
Шіліңгір шілденің аптап ыстығы апта бойы басылар емес. Синоптиктер алдағы күндері ауа температурасы бұдан да жоғарылайтынын айтып отыр. Тұрғындар, өздеріңіз көріп тұрғандай, салқын іздеп, субұрқақтар мен өзен жағасын жағалап, суға түсіп сергіп жүр.
Шымкенттегі бұлақ көзінен бастау алатын «Қошқарата» өзені аптап ыстықта қала тұрғындары ғана емес, шетелден келген туристер үшін де сүйікті демалыс орнына айналған. Өзен суының емдік қасиеті барын естіген Жанар Ишанқұлова Өзбекстаннан арнайы келіпті. Қалада тұратын ұлы мен немерелерімен бірге келген зейнеткер биылғы шілденің ыстығы ерекше екенін айтады. Оның сөзінше, өзен суына бір-ақ күн түскеннің өзі денсаулығына оң әсер еткен.
ЖАНАР ИШАНҚҰЛОВА, ӨЗБЕКСТАННАН КЕЛГЕН ҚОНАҚ
Бұл үлкен адамдарға қатты әсер етіп жатыр ғой. Кондиционердің астында отыра алмаймыз. Маған, мысалы, кондиционер де, желдеткіш те жақпайды. Сондықтан үнемі сая іздеп жүреміз. Осында келіп, жақсы демалып қалдым. Суына түскеннен кейін аяқтарымның тартылуы да басылғандай болды.
Жаздың аптап ыстығында сыртқа шыққан сәтте-ақ күннің қызуы сезіледі. Сондықтан көпшілік көлеңке іздеп, өзен-көлдер мен субұрқақтардың маңына ағылуда. Әсіресе балалардың қарасы қалың. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметі мен коммуналдық мекеме мамандары қаланың бес ауданындағы көшелер мен аулалардағы балалар ойын алаңдарына су сеуіп, аумақты салқындату жұмыстарын күшейткен.
АЛЬБИНА ОРАЗӘЛІ, ОҚУШЫ
Біздің үйдің іші де, дала да өте ыстық. Сондықтан біз Қошқаратаға келіп шомыламыз. Бұл жердің суы өте жақсы. Мұнда адамдар көп келеді. Емдік су болғандықтан, осында демалған ұнайды.
ҒАЗИЗ САРСЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Қазір мұнда өте жақсы жағдай жасалған. Бұрын мұндай емес еді. Айналасы лас болатын. Қазір бәрі жөнделіп, халыққа қолайлы демалыс орнына айналды. Сондықтан адамдар өзеннің кез келген жерінде емін-еркін демалып жүр.
Аптап ыстыққа байланысты қаладағы жануарларға да ерекше күтім жасалуда. Зообақтағы аң-құстардың мәзіріне жеміс-жидектен дайындалған балмұздақ, қауын мен қарбыз қосылған. Бассейндердегі су жиі жаңартылып, қоршауларға арнайы су бүрку жүйесі орнатылған. Ал ауа температурасының көтерілуіне байланысты дәрігер көмегіне жүгінушілер саны да артып келеді. Осыған орай жедел жәрдем қызметі күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен. «Қазгидрометтің» болжамынша, Өзбекстан аумағынан келетін құрғақ ауа массаларының әсерінен еліміздің оңтүстігі мен шығысында аптап ыстық әлі де сақталады.