Шымкентте сынап бағаны 40 градустан төмен түспей тұр. Аптап ыстық тұрғындарды титықтатып, көлеңке іздеуге мәжбүрлеуде. Қала әкімдігі арнайы техникаларды жұмылдырып, спорт алаңдары мен қоғамдық орындарға су бүрку жұмыстарын бастады. Салқындату шаралары күн сайын кешкі уақытқа дейін жалғасады.
Қабылданған шаралар ауадағы шаң-тозаңды азайтып, аптап ыстықтың әсерін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қоғамдық көлік аялдамалары жуылып, жасыл желектер, ағаштар мен гүлзарлар тұрақты суарылып жатыр. Бұл жұмыстар абаттандыру нысандарын сақтау, жасыл аймақтарға күтім жасау және тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Қала әкімдігі тұрғындарды ыстық күндері қауіпсіздік шараларын сақтауға, күннің ең жоғары температура кезеңінде сыртта ұзақ жүрмеуге шақырады.