Қазақстанда суррогат ана қызметіне қойылатын талаптар қатаңдады. Енді шетелдіктер елімізде суррогат ана қызметіне жүгіне алмайды. Тиісті заңға Мемлекет басшысы қол қойды.
Заңдағы жаңашылдық мұнымен шектелмейді. Бұдан былай суррогат анамен келісімшарт жасасқысы келетін ерлі-зайыптылар өздерінің дене және психикалық саулығын растайтын медициналық-генетикалық қорытынды ұсынуға міндетті. Яғни, бағдарламаға қатысу талаптары бұрынғыдан да қатаңдай түсті. Сондай-ақ, тапсырыс берушілердің жауапкершілігі де артты. Олар суррогат ананың медициналық тексерулерінен бастап, жүктілікті жүргізуге, босандыруға әрі босанғаннан кейінгі күтімге дейінгі барлық шығынды толық өтеуге міндетті болады. Ал күтім мерзімі қалыпты жағдайда 56 күнге, ал асқынулар орын алған кезде 70 күнге дейін жалғасады.