Қазақ үшін той – ежелден ағайынның басын қосып, арқа-жарқа болып атап өтетін дәстүрдің бірі. Алайда, бүгінде дүбірлі думан өткізу үшін несиеге батып, қарыздың қамытын арқалап жүргендер жетерлік. Мұндайда қуаныштың орнын уайым, берекенің орнын берешек басады. Қаржылық қиындыққа тап болған жанұя жылдар бойы шығынды өтеп, басқа жоспарын кейінге қалдырады. Той жасамайын десе, жұрт сөзінен қорқады, қарапайым етіп өткізуді намыс санап, елден қалмау үшін барын салады. Кейбірі арадағы араздық пен жанжалдан кейін шаңырақтары шайқалып, ажырасып тынады. Қымбат той жасау, несие алып, барын шашу – неге трендке айналып барады? Аружан Самидиннің бейнематериалы.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Міне, небәрі бір минуттың ішінде миллиондаған несие рәсімделді. Бұл қомақты қаражат баспана алуға не кәсіп бастауға жұмсалса мейлі ғой, дегенмен жұртшылық бір күнде өте шығатын тойға шашылып, шығынға батқанды жөн көреді. Жыл өткен сайын Қазақтың қуанышы банктерді байытатын бизнеске айналып келеді.
Бүгінгі қазақ қоғамында той десе, төгілетін тер де, шашылатын ақша да шаш етектен. «Жұрттан қалмайық» деген желеумен, шаңырақ көтермей жатып миллиондаған несиенің құрығына ілініп, қарызға бататындардың қатары азаяр емес. Мейрамхана жалдау бір бөлек те, артынан жалғасатын киіт кигізу, жасау апару, кәде-сый тарату сияқты бітпейтін алыс-беріс қос тарапты әбден әуре-сарсаңға салады. Бір күндік мереке мың күндік берекені алып, қалтаны қағып алатынын бәрі білсе де, елдің ертеңгі айтар сөзіне алаңдайды.
- «Онсыз да несие төлеп жүрміз.Кредит алып, той жасамай-ақ қойдым.»
- «Ыңғайлап шамаңа қарап жасау қажет.100 не 200 адамға жаса, кішігірім құдалық жаса, болмаса.Ол үшін кредит алудың қажеті жоқ.»
- « Қаражат жетпей, той жасау қиын болып жатса, алғашқы жарны құйып үй алуға немесе шетелге саяхат құрса болады деп ойлаймын.»
- «Ақшасы бар адамдар жасайды ғой.Бірақ, меніңше миллиондап ақша құртқан дұрыс емес.Қарапайым етіп жасау керек тойды.»
Дегенмен, дүркіретіп той жасау деген қасаң қағиданы бұзып, қалтасындағы қаражатын үнемдеуді қалайтын ерлі-зайыптылар да жоқ емес. Солардың бірі – жас жұбайлар Кенжебек Зұлқарнаев пен Айдана Хожанова. Жастар сән-салтанат қуып, артық шығынға жол бермей, қырық шақты адамның басын қосып, қуаныштарын шағын түрде атап өткен. Тойға небәрі 750 мың теңге жұмсаған жұбайлар жиналған қаражатқа ипотеканың алғашқы жарнасын төлеп, баспана алып, шетелге саяхат құруды жөн көрген.
КЕНЖЕБЕК ЗҰЛҚАРНАЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Бұл шешімге жұбайымыз екеуміз бірге келдік.Артық шығынсыз тойды өткердік.Той өте жоғары деңгейде өтті.Ешкімнің көңілін қалдырмай, келген қонақтардан жақсы пікір естідік.Бұл шешімді ата-анамыз да құптады.
Оның үстіне, қазіргі тойларда осындай орынсыз дарақылық белең алып, әдеп шеңберінен шығатын билер мен мазмұны жұтаң әндер көбейіп кетті. Қоғам белсенділері тойдың тәрбиелік мәні төмендеп бара жатқанын айтып, алаңдаушылық білдіріп отыр.
ӘЗІМХАН ИСАБЕК, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ
Жақында мен бір тойда болдым.Ұлттық құндылығымыз насихатталып, әншілер домбырамен күй шертіп, жастарға ақ тілегін жаудырып, артық шу, даурықпасыз керемет той өтті.Қазір үстелге шығып, түрлі би билеп, көңіл көтеретіндерді де көріп жүрміз ғой.Біз керісінше, осы ұлттық құндылықтарымыз арқылы жастарды тәрбиелей аламыз.
Орынсыз ысырап пен қарызға құрылған жанұялық өмір жастарға алғашқы күннен-ақ ауыртпалық жүктейді. Қаржылық сауаттылықты меңгеріп, саналы шешім қабылдап барып қана шаңырақ көтеру керек,-дейді мамандар.
ГАУХАР БАЛТАБЕКҚЫЗЫ, ПСИХОЛОГ- МЕДИАТОР
Отбасының беріктігін мұндай сән-салтанаты жарасқан той айқындамайды.Жанұя жарасымы үшін ең алдымен қолдау, түсіністік қажет.Некеге тұру үшін, отбасын құру үшін қаржылау сауаттылық керек.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Қазақ үшін той – бәсекенің емес, берекенің белгісі болуы тиіс. Өйткені отбасының бақыты қымбат мейрамханамен де, миллиондаған шығынмен де өлшенбейді. Себебі, сыйластық қана берік шаңырақтың іргетасын қалайды.