Кілем тоқу өнері ғасырдан ғасырға жалғасып, бұрынғыдан бүгінгіге мұра болып келеді. Онда ұлттық код жасырынған. Бедерленген әрбір ою-өрнек халықтың болмысын, ел табиғатын айқындайды. Заман дамып, ілгері жылжыған сайын қолөнердің бұл түрі де автоматтандырылып, тігіншілер қатары сиреген. Десе де, ескінің отын өшірмей, оны көпке дәріптеп жүргендер де жоқ емес. Сюжеттен көріңіз.

Камила Сарманова жасынан кілем тоқумен шұғылданады. Қолөнердің қыр-сырын жетік меңгерген шебер түрлі тәсілдерді меңгерген. Ұлттық нақыштың отын өшірмей, көпке дәріптеу үшін қызығушылық танытқандарды жинап, шеберлік сағатын өткізді. Онда ол аталған істің тарихына үңіліп, мән-маңызын түсіндірді.

КАМИЛА САРМАНОВА, КІЛЕМ ТОҚУ ШЕБЕРІ
 – «Апта сайын осындай кілем тоқу шеберлік сағаттарын өткіземіз.»  «Қыздарымыз осы кілем тоқу өнерін үйреніп, кейінгіге насихаттаса, өнер ұмытылмаса екен деген ниеттеміз.»

Шебердің айтуынша, бір кілемді дайындау үшін көлеміне қарай орта есеппен екі аптадан екі айға дейін еңбек етеді. Жұмыс барысы күрделі. Әрбір жіптің дұрыс орналасуы толық композицияның мәнін ашады. Шеберлік сағатына қатысушылардың бірі – Гүлнар Жолдасбекова. Ол да осы саланың маманы. Тәжірибе алмасу алаңына білгенін жетілдіріп, жаңа әдіс-тәсілдерді игеру үшін келген.

 ГҮЛНАР ЖОЛДАСБЕКОВА, М.ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ
 – «Бала кезімнен түкті кілем тоқимын. Ал тықыр кілемді тоқып көрмеппін. Шеберлік сағатының хабарландыруын оқып, арнайы іздеп келіп отырмын.»


 Шеберлік сағаты барысында қатысушылар шағын көлемді кілемше тоқып, негізгі әдіс-тәсілдерді меңгерді.