Енді қазақстандықтар телефон нөмірі арқылы кез-келген банкке ақша аудара алады. Бұрын бұл үшін пайдаланушының карта нөмірі талап етілсе, жаңа жүйе қолданбаны ыңғайлы етпек. Яғни бұдан былай қай банктің қызметін пайдалансаңыз да, аударымды оп-оңай жүзеге асырасыз.

 Бұл туралы ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов мәлімдеді. Елде ірі банктер де бірыңғай төлем жүйесін енгізіп, барлық қолданушыға тек бір QR арқылы төлем жасауға мүмкіндік берді. Бұл үшін банктердің мобильді қосымшасын жаңарту жеткілікті. Алғашқыда техникалық ақаулар орын алуы ықтимал, дегенмен, жаңа сервис жақында барлық пайдаланушыға қолжетімді болады.

БИНҰР ЖӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл жүйе азаматтарға екі мүмкіндік береді. Біріншісі – телефон нөмірі арқылы ақша аудару. Яғни бір банктің қосымшасынан басқа банктің клиентіне оның телефон нөмірі арқылы қаражат жібере аласыз. Сервис былтырғы жылдың соңынан бері жұмыс істеп келеді. Бүгін барлық банкті оған қосу жұмысы аяқталады.  Ал QR-дың жұмыс істеу тәртібі өте қарапайым. Банк қосымшасындағы QR бөлімін ашып, кез келген терминал арқылы төлем жасайсыз. Қолданушы үшін ештеңе өзгермейді. Кәсіпкерлерге қосымша бағдарлама жүктеудің немесе жаңа терминал орнатудың қажеті жоқ. Барлығы қолданыстағы инфрақұрылым арқылы жұмыс істейді.