Шымкент қалалық мәслихатына жаңа төраға сайланды. Депутаттардың қолдауымен бұл қызметке Мұрат Жолдықожаев келді. Тиісті шешім мәслихаттың кезектен тыс XXXVII сессиясында қабылданды.

Сессия барысында мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов өз өтінішімен қызметінен босатылды. Ол алдағы сайлауға «Әділет» партиясынан қатысады. Босаған лауазымға депутаттар бірнеше кандидаттың ішінен Мұрат Жолдықожаевты ұсынды.

ТАЛҒАТ БАЛТАБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
 Шымкент қаласы мәслихатының төрағалығына өз ісінің нағыз маманы, білікті әріптесіміз Әділет партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдықожаевты ұсынғымыз келеді.

Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттар Мұрат Жолдықожаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, оны Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы етіп сайлады. Жаңа төраға өзіне артылған сенім үшін алғыс айтып, алдағы саяси науқанда және қала мүддесі жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

 МҰРАТ ЖОЛДЫҚОЖАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Баршаңызға үлкен алғысымды білдіремін. Алда үлкен саяси науқан келе жатыр. Сол науқанда ел игілігіне бірлесіп жұмыс істейміз деген сенімдемін.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңадан сайланған төрағаны құттықтап, жауапты қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, бұған дейін мәслихатқа жетекшілік еткен Бахадыр Нарымбетовке атқарған еңбегі үшін алғыс білдірді.

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Көптеген жақсы сөздер айтылды. Қаламызға елімізге көп еңбек сіңірдіңіз.  

Сондай-ақ сессияда өздері сайланған саяси партиялардың қатарынан шығуына байланысты А. Наимбекова мен Б. Әшірбаевтың депутаттық өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылып, олар тұрақты комиссиялардың құрамынан шығарылды. Ал мәслихаттың кәсіпкерлікті дамыту және цифрландыру жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып М. Қонақбаев бекітілді.