Сол Рамазан айы аяқталып, Айт мерекесі де келіп жетті. 30 күн ауыз бекіткен ағайыннан бастап, исі мұсылман қауым асыға күтетін Ораза айты Оңтүстік Қазақстанда кең көлемде атап өтілді. Аллаға шүкіршілік етіліп, с.ғ.с. Пайғамбарымызға салауат айтылды.
Тегінде, тілін кәлимаға келтірген адам баласы үшін ұлық қос мереке бар. Бір - Құрбан айт, ал, бірі осы - Ораза. Ораза айты күні бүгін исі мұсылман қауымы Алла үйінде айт намазын оқыды. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов оңтүстікқазақстандықтарды ұлық мерекемен құттықтады.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі:
-Осы Рамазан айында еліміздегі мұсылман қауымының дұға –тілектері қабыл болсын. Алдағы уақытта еліміздің алға қойған мақсаттары, барлығы ойдағыдай орындалып, барлығы қасиетті Рамазан айында рухани тазару басқан қадамдары құтты болсын. Әрбір отбасыға жақсылық, бақыт тілеймін.
Бұл күні Қазан көтеріліп, ас-су дайындалады. Мерекелік дастарқан жайылады. Туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татады. Ауру-сырқаудан хабар алып, өлім-жітімге қатысты көңіл айтылады. Яғни, Ораза айты адамзаттың көңілін көтеріп, жанын жадыратып қана қоймайды. Төңірегінің түгел-тегістігіне қарап, шүкіршілік еткізеді. Сабырға шақырады.
Ахметжан Керімбек, ҚМДБ Оңтүстік Қазақстан облысындағы өкілі:
-Пайғамдарамыз с.ғ.с мешітке барған жолымен қайтып бара жатқанда жүрмейді екен. Яғни, мейлінше мұсылмандардың бірін бірі құттықтауы, айттауы мерекелеуі көп болған сайын сауабы да арта береді. Яғни, әрбір мұсылман осылай мерекелеуі тиіс. Бұл тек ынтымаққа, бірлікке бағытталған мереке.
Нұрлан Есенқұлов, ақын:
-Салауат болсын біздің айтарымыз. Арайлап ата берсін ақ таңымыз.
Пайғамбарлың жолымен жүргеніміз, бұл айтты тойлап жатқанымыз.
Барша қазақ мұсылман бауырларға, Тағы да құтты болсын, айттарыңыз.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы 800-ге жуық мешітте Ораза айт намазы оқылды. Игі жақсылар сап түзеп, намаз оқыды, уағыз тыңдады. Іргенің бүтіндігін, ел ішінің амандығын, тілеп дұға жасады.
Нұрлан ӘЛІМБАЕВ