Тарих тақтада талай күндер, сан белестер таңбаланды. Қаланың арғысы - тереңде. Бергідегі – ширек ғасырлық шежіресі қызықтыра ма? Онда шаһардың бас газеті - «Шымкент келбеті» мен «Панорама Шымкента» газеттерін қолға алыңыз. Биыл басылымға - 25 жыл.

«Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттері ақпарат айдынына 1990 жылы  шілде айының 21-де жол тартқан. Бұл басылымның жарыққа шығуына ықпал еткен, негізін қалаған тұңғыш редактор Жұмамұрат Тұяқбаев болатын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өмірге келген басылым осы күнге дейін көп қиыншылықтарды басынан өткерді. Бүгінде газет шырайлы Шымкенттің саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелерін, күнделікті тыныс-тіршілігін қамтып, ақпарат тарататын белді басылымға айналды.

Қаладағы қарашаңырақ басылым талай буынды тәрбиелеп, қанатын қатайтты. Томағасын сыпырды. 25 жылда жарық көрген мақалалардың өн бойынан өз елінің, өз қаласының патриоты болуға үндеген ұлы рух сезіліп тұрды. Мұнда шыңдалып, қияға қанат қаққандар - бүгінде республикаға танымал тілшілер.

Бұл басылымда қызмет етіп жүргенін мақтан тұтатын жас тілшілердің бірі - Сәбит Тастанбек. 2013 жылдан бері қалам тербейтін ол «бұл жерден үйренгенім де, үйренерім де көп», - дейді.

Айта кетейік, газет бүгінде 8 мың тиражбен шығады. Құрылтайшысы һәм қолдаушысы – Шымкент қаласының әкімдігі. Жергілікті биліктің көмегімен шығармашылық ұжым жаңа қонысқа көшкен. Аудан, қала, облыс аумағында тұрақты оқырмандары бар. «Жазыламын», «Пікір айтамын» деген қалың қауым 21-ші мөлтекаудандағы Қарасу көшесі нөмірсіз үйдегі газет редакциясына келулеріне болады.  

 

Әйгерім ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ