Қайырымдылық шарасы Атакент кентінде болып өтті. Оған көз ашқалы ауыр сырқат тырнағына ілінген және аз қамтамасыз етілген отбасы балалары қатысты. «Мейірімді-жүрек, жомарт қол». Акция 80 періште көңілге қуаныш сыйлады. Ұйымдастырушылар жақсылыққа жаны құмар демеушілерге алғысын жеткізді.
Сайқымазақпен қызықты ойындар. Түрлі сыйлықтар. Тәтті балмұздақ... бала сырқатын бір сәтке ұмыттырған тамаша тарту болды. Ата-ана көңілі де алаңсыз күйге енді.
Денсаулығы дімкәс балаларды қоғамдық өмірге бейімдеу мақсатында ауданда түрлі өнер байқаулары өткізіліп тұрады. Сол сайыстардың белсенді қатысушылары бүгінгі мерекеде өлең айтып, көпшілік жанарын жаспен жуды.
Ал, Асық-ата кентінде айрықша күтімге алынған 91 бала үшін концерттік бағдарлама қойылды. Демеушілер тарапынан сыйлықтар берілді. Аудан әкімі Ғалым Исмайлов бақыттан күдер үзбеген, жан жылуын жақынынан іздеген бүлдіршіндірге ыстық лебізін жеткізді. Ал, ата-аналар қауымы қамқорлық көрсеткен барша жанға шексіз алғысын білдірді.
Демеушілер дәмді ас ұсынуға да жарады. Ал, Мақтарал мәдениет үйінің қуыршақ театры таң-тамаша қойылымы арқылы бүлдіршіндерді ертегілер әлеміне елітті.
АЙЖАН Әшірхан