Есігімізден енгелі тұрған мешін жылы несімен ерекше? Еліміз үшін қандай болмақ? Осы жылы дүние есігін ашқан адамдар көпшілік ішінде қай қасиетімен дараланады. Осы сауалдарға тілшіміз жауап іздеп көреді.

Жалпы, мешін жылы туылған жандар сергек келеді.  Олар - өзіне-өзі ғашық жандар. Сәнқой, ырду-дырдуы көп, көңілді бас қосуларды ұнатады. Өзін өзгелерден артық санайды делінген жұлдыз жорамалда. Алайда, жеңілтек емес, ауыр мінезді, жауапты азаматтар да мешін жылы туылғандар қатарында көптеп кездеседі.

Солардың бірі - 30 жылдан астам денсаулық сақтау саласында қызмет атқарып жүрген, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері Мәди Бегалиев. Облыс халқын жаңа жылмен құттықтаған дәрігер мерекеде оқыс оқиғалардан сақ болуды ескертеді.

Ал, қалалық мәслихаттың депутаты Жомарт Омаров көңілді жүргенді ұнатады. Өзі де мешін жылы туылған құрдастарынан қалжыңын аямайды. Мешін жылы туылғандарға сыйлығы да ерекше.

Білікті дәрігер, жолы болғыш бизнесмендерден бөлек, бұл жылы туылғандардан тамаша журналистер де шығады. Солардың бірі - біздің арнаның талантты  тілшісі, мешін жылы туылған Ақмарал Көпжасарова. 

Қазақ халқының пайымдауынша, мешін – жайсыз жыл. Бұл жылы сәтсіздіктер мен жағымсыз оқиғалар көп болады делінген. Сол себепті қазақтар мешін жылынан қорқып отырады. 1920 жылы қазақ даласында көп мал қырылып, бұл жыл – “Тас мешін” деп аталған. 1931-32 жылғы алапат аштық та мешін жылы болып, Ақ орда хандығы 1428 мешін жылы құлаған.

Жақсы сөз - жарым ырыс. Болжам болғасын, орындалмауы да аян. Алайда, арқаны кеңге салуға да болмайды. Барынша ұқыптылық танытып, жақсы жоспар түзгеннің артықшылығы болмас.

 

Кенжехан ДҮЙСЕНБІ