Бұл - Атамекен кеден бекетіне апаратын жол. Тәулігіне жүздеген ауыр жүк көліктері басып өтеді. Әлемдік тәжірибе бойынша, олар жол бойына тоқтап, кезегін күтуге құқылы. Алайда 1 шақырым аралықтағы жерге "тоқтауға болмайды" деген заңсыз белгі орнатылғандықтан, ақылы тұраққа қоюға мәжбүр болған. Сорақысы сол автотұрақ иелері көлікті тұраққа қойсын, қоймасын әр көліктің иесінен 2000 теңге жинап алып отырған. Осы уақытқа дейін 90 мың кәсіпкерге 180 млн теңгенің залалы келтірілген.

Қазір негізсіз қойылған жол белгілері түгел дерлік алынып тасталды. Енді жүк тасымалдаушы кәсіпкерлер әлемдік тәжірибеге сай, жол жиегіне тоқтап, өз кезегі келгенше қалағанынша тұра алады. Бұрынғыдай мәжбүрлеу де жоқ.

Президент Қасым - Жомарт Тоқаев жуырда бизнес өкілдерімен кездескен болатын. Алқалы жиында дәл осы рейдерлік жасау, кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесіне бас прокуратураның назар аударуын қадап тапсырды.

Айта кеейік, Мақтаарал аудандық прокуратурасы жанында кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөнінде мобильді топ жұмыс істейді. Сенім телефоны да бар.