Енді қазақстандықтар бекіту науқанын күтпей-ақ емханасын кез келген уақытта ауыстыра алады. Бірақ таңдалған медициналық мекеме азамат тұратын ауданда болуы керек. Бұл шара медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартпақ.

Бұрынғыдай 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығын күтпей-ақ, азаматтар өзіне ыңғайлы емханаға ауыса алады. Тұрғындар өздерінің тұрғылықты мекен-жайына жақын медициналық мекемеге тіркелуі қажет. Мәселен, Шымкент қалалық №7 емханасына 41 мыңнан астам адам тіркелген. Мекеменің бас дәрігері  Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, емханаға бекіту рәсімі жеңілдеген.   

 НҰРЛАН ЖАҢАБАЕВ, №7 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
Емханаға тіркелу мәселесі бойынша тұрғылықты жері бойынша кез-келген емханаға тіркелуге болады. Ол дәрігердің қабылдауына жазылу арқылы, не болмаса регистратураға келіп, тіркелуге болады. Сонымен қатар, мобильді қосымша арқылы, еГов-пен онлайн тіркелугеде болады.

№7 емханада ана мен бала денсаулығын қорғау басты назарда. Бүгінде мекемеге тіркелген жүктілікке дейінге бақылау кезеңіндегі 600-ден астам ана бар. Олардың 400-ге жуығы тексерістен өтіп, қажетті емдерін қабылдап жүр.

МАРХАБАТ КӨШІМБЕТОВА,  №7 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНА БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Баланы дүниеге әкелмей тұрып, жүкті ана денсаулығын бірінші тексертеді. Оны біз жүкітілікке дейінгі бақылау дейміз. Тексеріліп қандай да бір аурулар анықталған жағдайда оны емдеп, одан кейін ғана жүкітілікті жоспарлайды.

 Айта кетейік, №7 қалалық емхана тұрғындарға алғашқы медициналық, санитариялық көмек пен консультативтік, диагностикалық қызмет көрсетеді. Мұнда жалпы тәжірибелік дәрігерлермен қоса бейінді мамандар да қабылдау жүргізеді.